Жезқазған өңірі экологиялық қауіпті аймақтар қатарына кіре ме?

Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау ауданын экологиялық дағдарыс жағдайына дейінгі аумақтар қатарына енгізу керек.

Себебі аталған өңір Байқоңыр ғарыш айлағына іргелес жатқандықтан, қатерлі ісік ауруымен ауыратындар саны артқан. Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов Үкімет басшысына жолдаған сауалында айтты.

Қазақстанда соңғы 10 жылда 3 мәрте ғарыш кемесінің апаты болып, салдарынан тонналаған гептиль отыны айналаға жайылды. Ауа мен топырақ және судан сандаған сынама алынғанымен, келтірілген нақты зиян көлемі белгісіз. Есесіне гептиль жерге сіңіп, жерасты суларымен араласып кету қаупі жоғары. Мысалы, гептильдің 1 микрограммы 1 литр суға араласса, оны ішкен адам жантәсілім болады.

Арман Қожахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Байқоңырдан 1959 жылдан бері ғарыш кемелері ұшырылғаннан бастап Қазақстан, Алтай Республикасы және Алтай өлкесі аумағына 600-ден аса зымыран құлаған. Жоғары уытты «қоқыстың» жалпы салмағы 3 мың тоннадан асады. Гептиль және одан ыдыраған бөліктер сумен топыраққа терең еніп, жер асты суларына жетеді. Осылайша, улы қалдық су құбырлары арқылы жергілікті тұрғындарға жетеді. Сондай-ақ мұндай топырақта өскен өсімдіктер де улы заттарды бөледі. Бұл адамдарға орасан зор зиянын тигізеді.

Ал қарағандылық экобелсенді Дмитрий Калмыков депутаттың ластану мен зымырандардың құлайтын жері туралы ақпарат беру туралы өтініші өте орынды деп отыр. Себебі ақпарат ашық болмағандықтан, ел арасында үрей басым. Ал нақты жағдайды ешкім білмейді. 

Дмитрий Калмыков, эколог:

– Эколог ретінде аталған аудандарды экологиялық дағдарыс аумағы қатарына енгізуге қарсымын. Егер ол жер адам денсаулығына зиян болса, ондағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру керек. Бірақ алдымен біз қауіптіліктің деңгейін біліп алуымыз керек. Алайда ондай ақпаратты ешбір жерден таппайсыз. Тіпті жергілікті әкімдіктерде «қауіпті аймақ» деген карта жоқ. Тиісті ақпарат болмағандықтан, нақты шаралар жасалмай, сөз жүзінде қала береді. Олай дейтінім, осыдан тұп-тура 10 жыл бұрын да Мәжілісте осы сұрақ көтерілген. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ.

Зымыран ұшса, жыларман болатын өңірдің бірі – Қызылорда облысы. Тек Арал өңірінде соңғы жылдары онкологияға шалдыққан балалар саны екі есеге көбейген. Қазір облыста онкологияның әр түрлі формасымен ауыратын 200-ден астам бүлдіршін диспансерлік есепке алынған.

Гаухар Асанова, облыстық балалар ауруханасының онкогематология бөлімінің меңгерушісі:

– Ең бірінші орында лейкемия - қанның қатерлі ісігі деп аталады, ал екінші орында бас миының қатерлі түзілістері. 10 жылда бір рет кездесетін лейкоз аурулары болса, қазір бір жылдың ішінде бірінші анықталатын лейкоздар 10-ы кездеседі деп айтуға болады.

Атап өткен жөн, қазір Қарағанды облысы онкологиялық аурулар ең көп анықталатын 5 облыстың қатарында. Өңірде 21 300 адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 136-сы – бала. Бірінші кезекте өкпе, кейін асқазан және үштікте сүт безі обырына шалдыққандар тұр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев