Елімізден зергер бұйымдарын экспорттау жеңілдейді

Елімізден зергер бұйымдарын экспорттау жеңілдейді

Зергерлерлік бұйымдарды экспорттау жеңілдейді. Сенаторлар бүгін осыған мүмкіндік беретін заңды қабылдады.

Құжатқа сәйкес, бағалы металдар мен тастардан жасалған бұйымға сынамалар орнатудың күші жойылды. Яғни экономикалық одақ елдеріне қазақстандық тесттен өткен тауарларды сынамасыз сатыла береді. Бұған қоса жаңа заң отандық нарықты сапасыз зергерлік шикізат импортынан қорғайды әрі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған ақпарат алмасуды жеңілдетеді.

Жеңіс Нұрғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Келісім жобасын іске асыру отандық аффинаж өндірісін тиімді дамытуға, қосылған құны жоғары өнімдерді құруға, зергерлік бұйымдар шығаруды ұлғайтуға және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сонымен қатар Сенат отырысында тағы бірқатар заң жобасын қабылдайды. Оның бірі мемлекетаралық стандарттауды жетілдіруге бағытталған. Екіншісі сотталған азаматтардың көрші елдерде жүріп тұруына қатысты. Яғни егер адам ТМД елдерінің аумағында сотталған болса және жаза бас бостандығынан айырумен байланысты болмаса, онда ол өз Отанына орала алады. Сәйкесінше жаза өз елінде орындалады. Мұндай қағидат сотталғандардың қоғамдағы толыққанды өмірге тиімді оралуына ықпал етеді дейді мамандар.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бүгін қабылданған заңдар Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және Еуразиялық экономикалақ одақ шеңберінде мемлекетаралық ынтамақтастықты одан әрі нығайтуға арналған. Олар азаматтарымыздың құқықтарын қорғауды күшейтуге, ТМД деңгейінде мемлекетаралық стандарттау жүйесін тиімді пайдалануға, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде бағалы металдар мен қымбат тастар нарығын дамытуға мүмкіндіктер береді.