Алматыда тау бөктеріндегі 10 отбасы заңсыз құрылыстың зардабын тартуы мүмкін

Өйткені тұрғын үйдің түбінен жаңа нысанның құрылысы басталып, жұрттың үрейін ұшырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік қауіпті құрылысқа рұқсат бермеген көрінеді. Әкімдік өкілдері тексеру жұмыстарын жүргізу үшін прокуратурадан рұқсат қажет деп отыр.

Медеу ауданына қарасты тау етегінде орналасқан 10 пәтерлі мына тұрғын үй құлап кетуі мүмкін. Өйткені ғимараттың төменгі жағынан үлкен қазаншұңқыр қазылып, көпқабатты үйдің іргетасы құйылып жатыр. Тұрғындар аты беймәлім құрылыс компаниясының бұл әрекетіне аң-таң.

Алла Медведь, тұрғын:

– Құрылыс 2020 жылдың күзінде басталған. Тұрғын үй кешені болады дейді. Бірақ ол жерге үй салуға тыйым салынған. Көптеген ағаш кесілген. Заңсыз құрылысты бастап кетті. Рұқсаты да болмаған. Үлкен қазаншұңқыр қазған. Жарды бекіту, бетондау жұмыстары жүргізілмеген.

Тұрғындар мән-жайды анықтау үшін жергілікті билікке сұрау салған. Әкімдік өкілдері құрылыс компаниясының үй салуға рұқсат алмағанын айтқан. Ал заңгер Бақытжан Базарбектің сөзінше, жердің қисықтығы 15 градустан асса, нысан тұрғызуға болмайды.

Бақытжан Базарбек, заңгер, жер комиссиясының мүшесі:

– 15 градустан асып кететін төмендікте құрылыс жұмыстары жүрсе, ол сейсмо қауіпті аймақтар. Мұндай жағдайда олар тікелей арнайы талаптармен шектелуі тиіс. Ондай құрылыс жұмыстарына тыйым салынады. Бірақ өкінішке орай құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

10 отбасының өміріне қауіп төндірген жырадағы құрылыстан жергілікті әкімдік хабардар. Мамандар тексеру жұмыстарын бастауға дайынбыз дейді. Тек прокуратураның рұқсатын күтіп отырғандарын айтты.

Медет Рабаев, қала құрылысын бақылау басқармасының бас маманы:

– Осы арызды қарау барысында құрылыс салушы компаниядан құрылыс жұмыстары жүргізілетіні жөнінде хабарлама тіркелмегендігі анықталды. Осыған байланысты басқармамен жоспардан тыс тексеріс тағайындау туралы акт ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасына тіркеуге жолданды. Сол тіркелген жағдайда біз орынға шығып, тексеріс жұмыстарын жүргіземіз.

Тексерістің қашан болатыны және одан қандай нәтиже шығатыны әзірге белгісіз. Мәселені дереу шешпесе болмайды. Өйткені етектегі қазылған жыраның топырағы тоқтаусыз үгітіліп жатыр.

Аршын Кемелжан, тілші:

– Тұрғындардың тынышын кетірген құрылыс нысаны топтық арыздан кейін уақытша тоқтап тұр. Құрылыс жұмыстары жүрген кезде іргелес үйдің іргетасы сыр бере бастаған. Яғни мұндағы пәтерлердің терезесі сынып, қабырғасы жарылып, жабындылары да құлаған. Осыны көрген тұрғындар қирандының астында қаламыз ба деп қорқады.

Тұрғындар тағы бір мәселенің шетін шығарып отыр. Олардың айтуынша, үйлерінің жоғарғы жағындағы тау бөктерлері күні кешеге дейін қаланың бас жоспарында жасыл желек деп белгіленіпті. Жақында тағы тексеріп жағасын ұстаған. Жасыл желектердің пайдалану мақсаты тұрғын үй салуға болады деп өзгертіліпті. Енді төбеден де үй салынса, жағдайымыз қалай болады деп алаңдап отыр.

Аршын Кемелжан, Эдуард Кон, Нұрдәулет Жақсыбаев