Жыл басынан бері жеке тұлғалар 19,7 млрд теңге көлік салығын төлеген

Жыл басынан бері жеке тұлғалар 19,7 млрд теңге көлік салығын төлеген

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 сәуірді қоса алғанда жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша бюджетке 19,7 млрд теңге түсті.

25 наурыздағы жағдай бойынша 6,6 млрд теңге түссе, алдағы төлемдер туралы push-хабарлама жібергеннен кейін 13,1 млрд теңге түскен. Мұндай статистиканы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жариялады.

«Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес 2020 жылға көлік құралдарына салынатын салықты жеке тұлғалар 2021 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей төлеуі қажет болатын», - деп хабарлады комитет.

2 сәуірден бастап әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. 30 наурызда Telegram арнасында көлік салығы бойынша сауалнама жүргізген.

«Сіз 2020 жылға арналған көлік құралдары салығының төленуге тиісті алдағы сомасын қалай білдіңіз?» деген сұраққа сауалнамаға қатысушылар былай жауап берген:

– сауалнамаға қатысқандардың 36%-і салық сомасын «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы білген;

– 30%-і банктің мобильді қосымшасы арқылы;

– 5%-і «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы калькулятордың көмегімен өздері дербес есептеген;

– 21% респонденттер Мемлекеттік кірістер комитетінің порталындағы калькулятордың көмегімен өз бетінше есептеген;

– 8%-і Мемлекеттік кірістер басқармасына барып, кеңес алуды жөн көрді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мемлекеттік кірістер комитеті көлік салығы бойынша алдағы төлемдерді алғаш рет төлеу мерзіміне дейін «e-Salyq Azamat» тегін мобильді қосымшасына жіберетінін мәлімдеген.

2020 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметтері негізінде есептелген.