Қарағандыда шағын автобустарға шағым көбейді

Қарағандыда шағын автобустарға шағым көбейді

Шағын автобустарға шағым көбейді! Полиция қызметкері жаяу жүргіншіні өткізбеген автобус жүргізушісін тоқтатқан кезде қоғамдық көліктегі мемлекеттік номердің жалған екені анықталды.

Ал маршруттық номерін жүргізуші өзі салып, автопаркпен келісімге келместен жолаушы тасымалдап жүрген. Ол аздай автобус тізгіндеген азамат бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған екен. Құзырлы орган әкімшілік полициямен бірлесіп, барлық автобусты жаппай тексеруден өткізіп жатыр. Бүгінде онға жуық қоғамдық көліктен заң бұзушылық анықталды.   

Темірлан Талдыбаев, қалалық жолаушылар тасымалы бөлімінің бас маманы:

– Шамамен қырықтан астам автобус тексерілді, соңғы аялдама пункттерінде тексеріс кезінде автобустардың техникалық жай-күйі, автобус жүргізушілерінің құжаттары қаралды. Тексеріспен барлық кіші сыйымдылықтағы автобустар қамтылды. Құқық бұзушылықтар болды, автобустарда ұстайтын құрылғының дұрыс бекітілмеуі, есіктердің дұрыс ашылмауы болды.