Ақмола облысында ата кәсіпке ден қойғандар көбейіп келеді

Ақмола облысында ата кәсіпке ден қойғандар көбейіп келеді. Олардың алды мал басын асылдандырып, төрт түліктен сапалы әрі мол өнім алуды мақсат етіп отыр. Ал осындай маңызды істі қолға алған шаруалар, мемлекеттік көмектен де кенде болмайды. Мәселен, былтыр аймақта мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 6 жарым млрд теңгеден астам субсидия берілген.

Жақсы ауданының Қима ауылында тұратын Мұрат Алшынбаев ата кәсіппен көптен бері айналысады. Алайда мал басын асылдандыруды ол биыл ғана қолға алған. Жақында етті бағыттағы 30 бас сиыр сатып алды. Енді алдағы 2-3 жылдың ішінде қолда бар ірі қараның барлығын асыл тұқымдыларымен алмастыруға ниетті. Айтуынша, талаптанса бұл әрбір ауыл тұрғынының қолынан келетін іс.

Мұрат Алшынбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Мұны кез келген адам істей алады. Үкіметтен көмек жақсы. Мысалы, мына бір бас 500 мыңнан алып тұрмыз біз, соның 150 мыңы қайтарылады Үкіметтен. Содан кейін проценті 6 процентке беріп тұр кредитке. Енді тағы акимат бізге сенокос, жайылым береміз деп жатыр мал алғандарға.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы өңірде осындай 100-ге жуық шаруашылық іске қосылып, олар 10 мың бас асыл тұқымды ірі қара сатып алған. Ал Запорожье ауылындағы бұл қожалық сүтті бағытта еңбек етеді. 60 бас сиырдың қазір 30 шақтысы сауында тұр. Олар айына 10 тонна өнім береді. Сүт зауыттары ауылға өте алыс болғандықтан шикізатты енді өздері өңдеуді қолға алмақ.

Андрей Маркус, шаруа қожалығының бригадирі:

- Әзірге өнімді ауыл тұрғындары аздап алады. Одан қалды өз жұмысшыларымызға береміз. Ал жақында май мен қаймақ өндіруді бастаймыз. Халық арасында әсіресе мамырдың майы жақсы сұранысқа ие. 

Ақмола облысында жалпы 465 мыңнан астам ірі қара бар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 процентке көбейіпті. Ал олардың 16 проценті, яғни 70 мыңға жуығы асыл тұқымды. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко