Тұңғыш Президент кітапханасының музейінде халықаралық көрме ашылды

Тұңғыш Президент кітапханасының музейінде халықаралық көрме ашылды

«Адамға табын, жер енді!» Бүгін Тұңғыш Президент кітапханасының музейінде осындай атаумен халықаралық көрме ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды жобаға Қазақстанмен қатар Украина және ресейлік ұйымдар атсалысты. Ашылу салтанатына Қазақстандағы Ресей Федерациясының төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин қатысты. Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат әлемдік космонавтика саласын дамытуда ТМД елдерінің қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Көрмеде ғарышты игеруде Ұлы даланың алғашқы және басты айлаққа айналуын айғақтайтын құжаттар мен экспонаттар қойылған. Экспозицияға Олжас Сүлейменов поэмасының атауы берілгені де сондықтан дейді ұйымдастырушылар.

Жанар Испердинова, экскурсия жетекшісі:

– «Адамға табын, жер енді!» көрмесі ауқымды әрі кешенді. Өйткені тарихи нысанның екі бірдей қабатын қамтиды. Көрме 3 бөлімнен тұрады. Олар «Жер жиегі», «Жер. Байқоңыр ғарыш айлағы» және «Жер. Алғашқылар кезеңі».

Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:

– Көрмемен бірге ғарышкерлермен кездесулер және маңызды жиындар өткіземіз деп жоспарлаған едік. Ғарыш саласында одақтас елдердің мемлекеттік қайраткерлерін шақырғымыз келген. Қанша дегенмен екі бірдей мерейтой. Адам баласының ғарышқа ұшқанына 60 жыл және Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің көкке көтерілгеніне 30 жыл. Алайда әттең, пандемия өз кесірін тигізбей қоймады. Сондықтан келушілер үшін форматын онлайнға өзгерттік.