ШҚО-дағы мал өсірушілер төрт түліктің терісі мен жүнін өткізетін жер таба алмай жүр

Шығыс Қазақстан облысында мал басы өсіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір Зайсан ауданында 80 мыңнан аса ірі қара, 90 мың қой-ешкі, 40 мыңға жуық жылқы бар. Алайда мал өсірушілер төрт түліктің терісі мен жүнін өткізетін жер таба алмай, тонналаған шикізатты далаға лақтыруға мәжбүр. Аймақтағы тері өңдейтін кәсіпорындарды жандандыруға не кедергі? «Үкімет осы мәселеге назар аударса», - дейді шаруалар.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Зайсан ауданы Шілікті ауылдық округіне қарасты мына шаруашылық осыдан 5 жыл бұрын ашылыпты. Мемлекеттің қолдауымен алынған абердин-ангус асыл тұқымды сиырларыың саны қазір 500 басқа жеткен. «Қыстамадан ойдағыдай шықтық, мал төлдету науқаны жүріп жатыр, мұның бәрі зор еңбектің нәтижесі», - дейді шаруашылық жетекшісі.

Жанболат Болатов, шаруашылықтың іс басқарушысы:

- 3 жасар тайыншаны айта кетсек, 450-400 келіге дейін барады алдына жіберетін болсақ. Бірінші санаттағылар 1 тоннаға дейін асып жығылады. Бұл өзінің жылдағы 2 жыл сайын жаңағы қосатын өзінің уақыты бар. Соның бәрін алмастырып отырып, жем-шөбін беретін болсақ, өте нәтижелі береді. Және де бұл мал суыққа төзімді, уақытында жемін шөбін беріп, қадағалап отырса, өте тиімді мал. Сол Үкіметтің берген кезіндегі бағдарламасы бойынша осы малды алдық. Бесінші жыл төлдеп жатыр. Жылдағысын жылда Қазақстанның қалаларынан келіп алады категориямен.

Шаруашылықта ірі қарадан өзге 1800 қой, 2 мыңға тарта жылқы бар. Ауылдың 12 отбасы осында еңбек етіп, нәпақа тауып отыр. Жер құрғаса, малдың бәрі жайлауға жылжымақ. Малшы қауымын қинап отырған басты мәселелердің бірі – тері мен жүннің кәдеге аспай жатуы.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Бір ғана шаруашылық өткен жылы 8,5 тонна жүнді айдалаға лақтыруға мәжбүр болған. Биыл 9 тонна тағы сіресіп тұр, алатын жер жоқ. Ал енді аудан, облыс көлемін есептей беріңіз, қаншама жүн ысырап болып жатыр. Ал тері жөніндегі әңгімені былай жалғастырайық. Теріні не істейсіздер?

Жанболат Болатов, шаруашылықтың іс басқарушысы:

-Теріні далаға лақтырамыз, күнделікті сойылған теріні. Өйткені өнеркәсіптер жоқ мұны сұранысқа алып, сұрап жатқан. Ысырап болып, далаға лақтыруға мәжбүрміз. Осындай бір елімізде үлкен өнеркәсіптер болса дейміз тері өңдейтін. Тері алатын, жүн алатын. Өйткені бұл малдың азығы, жемі-шөбін айырар еді.

Расында тері мен жүнді өткізетін жер болса, шаруашылықтар көп көрім қосымша пайда табар еді. Осыдан 3 жыл бұрын зайсандықтар қой жүнін іргедегі Қытайға өткізіп келіпті. Қазір оған тыйым салынған, ал былтырдан бері шекара карантинге тарс жабық.

Ринат Тауасаров, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

-Жүннің өзі азғантай-ақ бір бағаланып жатады. Жинап-теріп осы Семейге өткізіп жатады. Ол жерде бағаның төмендігі болғаннан кейін апарған жол шығынын ақтамай жатады. Сол себептен шаруа қожалықтары соған кішкене ұсыныс-пікірлерін айтып жатыр. Келешекте сондай ашылып жатса, бір жерден жүнді жинатқызып, ұйымдастырып терісін болсын жинап өткізіп, ауданда ұйымдастыруға болады. Ол біздің шаруа қожалықтарына, қой малын өсіріп отырған шаруа қожалықтарына өте үлкен көмек болар еді.

Ал бір ғасырлық тарихы бар Семейдегі тері өңдеу комбинаты ұзақ жылдар әртүрлі себептермен тұралап тұрды. Қазір кәсіпорын айына 40 тонна өнім шығарады. Жыл соңына дейін көрсеткішті 10 есеге дейін арттыруды көздеп отыр. «Ал тері бағасы сапасына байланысты», - дейді мамандар.

Елжас Көпбаев, комбинаттың коммерциялық директоры:

-Бағасы біріншіден, көлеміне, екіншіден, оның сапасына байланысты. Сонымен қатар қазіргі кезде бір тері бұқа болсын, сиыр болсын, оның бағасы 500 теңгеден 3 мың теңгеге дейін барады. Қойдың терісін әлі жоқ. Бізде оған арнайы техника, құрал-жабдық бар. Бірақ оны қайта жаңғыртып, іске қосу керек. Негізі осы жылдың соңына таман, күзіне таман қосуға тырысамыз.

Комбинаттың даму жоспарында болашақта жүн өңдеуді де қолға алу қарастырылған. Оның нақты қашан жүзеге асары белгісіз. Қалай десек те, өкінішке қарай елімізде осындай кәсіпорындардың жұмысы әзірге мандымай тұр. Сондықтан жыл сайын сойылып жатқан миллиондаған мал терісі мен тонналап қырқылған қой жүндеріне сұраныс жоқ.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы