Қарағанды облысында 800 миллион теңгеге салынған жол сапасы сыр берді

Қарағанды облысында қазынаның миллиондаған қаржысына салынған күре жолдың сапасы сыр берді. Қарқаралы қаласы мен Қасым Аманжолов ауылын жалғап жатқан 33 шақырым жолға жарты жыл бұрын ғана асфальт төселген. Қазір шұрық-тесік.

- Жолдың сапасы міне, стандартқа сай келмейді, жіп-жіңішке.

Қарқаралы қаласы мен Қасым Аманжолов ауылы арасындағы 33 шақырым жол былтыр ғана күрделі жөндеуден өткзілген. Ол үшін қазынадан 818 миллион теңге қаржы бөлініпті. Алайда жарты жыл өтпей жатып асфальт жарылып жатыр.

Серік Сәбитов, Қасым ауылының тұрғыны:

- Әлі жүк көліктер жүрген жоқ. Өйткені ауыл болып жүк машиналарын жүргізбеуге жағдай жасап жатырмыз. Бұл жеңіл машинаның доңғалағынан ұшып кетті. Ертең енді отын, көмір тасу басталады. Бір жыл болған жоқ, мынадай шұңқырлар бар. Енді күзге дейін мыналарыңыз амандық болса, үлкен-үлкен шұңқырға айналады.   

Жылдар бойы жол азабын тартып келген ауыл жұрты жұмыстың сапалы атқарылуын өз бақылауына алмақшы болып, 10 адамнан тұратын комиссия да құрған. Олар қаншама олқылықты анықтап, мердігерге талап қойғанымен нәтиже жоқ. 

Әнуар Шәкәрімов, Қасым ауылының тұрғыны:

- Біздің жолдың мынау основаниесі жоқ. Смета бойынша ол основание қарастырылмаған. Асты саз. Сондықтан бұл жерге неше сантиметр асфальт салсаңыз да ол бәрібір де батып кетеді, ертең жүк машиналары жүрген кезде үстінен. Бір жыл болған жоқ міне 5-6 ай өтті, уже асфальттың 10 проценті ұшып жатыр.  

Тұрғындардың талап-арызы бойынша ұлттық сапа орталығы бұл учаскеге тексеріс жүргізген. Нәтижесінде жолдың әр жерінен алынған 60 керннің ешқайсысы да стандартқа сай болмай шықты. Оның бірнеше себебі бар. 

Арнат Қайыртай, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК инженері:

- Бірінші себебі ыстық асфальттың Қарағандыдан тасылуы. Ол Қасым Аманжоловқа жеткенге дейін өз температурасын жоғалтып, жолға төселген кезде асфальт құрамындағы сапасы жоғалады. Сол себепті салынуы дұрыс болмай, жолдың осындай жағдайға түсуіне себеп болып отыр.  

Жолдың сапасыз болуының тағы бір себебі асфальттың астына қиыршық тас салынбаған. Ескі жолды қырып, топырақтың үстіне төсей салыпты. Ал мердігер болса, жұмысты жобалау-сметалық құжатқа сүйене отырып жасағанын айтады. Демек, әу-баста құжатты әзірлеген кезде қателік кеткен. Қазір жергілікті атқарушы билік өкілдері мердігерді сотқа берген.   

Амангелді Жанбота, аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бүгінгі күні сол мердігерлермен бізде сот процестері жүргізіліп жатыр. Пайда болған ақаулар кепілдік мерзімі ішінде өздерінің қаражаттарының негізінде жойылатын болады.  

Тұрғындардың айтуынша, мердігер сапасыз жолдың әр жерін жамағанмен мәселе түбегейлі шешілмейді. Ауыл азаматтары миллиондаған қаражаттың сұрауы болса, асфальт қайта төселсін деп талап қойып отыр. Себебі 2022 жылы жолдың кепілдік мерзімі аяқталады.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев