Қарағандының орталық саябағындағы көл сарқылып барады

Қарағандының орталық саябағындағы көл сарқылып барады

Соңғы жылдары су айтарлықтай лайланып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы жергілікті тұрғындар дабыл қағып отыр. Саябақтың аумағында үш көл бар, оған Бұқпа өзені құяды. Әр көлдің арасына шлюз қойылған. Алайда соңғы жылдары қараусыз қалып, істен шығыпты. Салдарынан сырттан келетін су жеткіліксіз. Мамандардың айтуынша, бір кездері мұнда миллион текше метрге дейін су құйылып отырған. Екі жыл сайын тұңғиығын тазалап, жағалауына құм төгетін. Ал қазір оның бірі де жасалмайды. Соның кесірінен әр жыл сайын су деңгейі шамамен 1-1,5 метрге төмендейді. 30 жыл бойы тазаланбаған көлді қалпына келтіру үшін қомақты қаржы, кешенді жоспар қажет дейді мамандар. 

Талғат Смаилов, қалалық мәдениет және демалыс саябағы басқармасы басшысының орынбасары:

– Көлді тазарту үшін ең бірінші Бұқпа өзенін тазарту керек. Өйткені мына суды қазір төгіп тастасақ, бұл Бұқпамен ғана толтырылады, ертең оның суы жетпей жатса, бізде көлдің толтырылу проблемалары шығады.