Қоғам белсенділері Алматы қаласын дамытудың бас жоспарына түзету енгізуді талап етті

Бұған дейін ZOOM онлайн платформасында өткен жобаны талқылау заңсыз дейді белсенділер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі қатысушылар саны 100 адаммен шектелген. Белсенділер біріншіден мегаполистегі тығыз салынып жатқан құрылысты тоқтатуды талап етті. Қала экологиясының бұзылуына дәл осылай салынған биік үйлер себеп дейді олар. Қазір Алматыдағы желдің жылдамдығы секундына жарты метрден аспайды. Салдарынан қала қою түтіннен арылмай отыр. Жаппай құрылыс жүргізу жылу электр орталығының қуатын арттырады. Сәйкесінше ауаға тарайтын қалдықтың көлемі өседі. Таудың етегінде де жағдай мәз емес. Ешқандай құрылыс талаптарын ескермей салынып жатқан қалашықтар топырақтың сырғып, көшкін жүру қаупін тудырады. Бұған мысал ретінде Алғабас ықшамауданын айтса жеткілікті.

Абай Ерекенов, қоғам белсендісі:

– Қазір ешқандай жер сілкінісі болмай-ақ, бұл ықшам ауданда үйлер қисайып тұр. Себебі ол жерде мүлде құрылыс жүргізуге болмайды. Өйткені жерасты сулары өте жақын. Жердің тығыздығы да әлсіз. Екінші себеп – көпқабатты үйлердің салынуы. Әуелгіде, төрт қабатты үйлер салу жоспарланған. Нәтижесінде төрт емес, тоғыз қабат салынды. Оған сапасыз құрылыс материалдарын қосыңыз. Сондықтан біз Алматыда тығыз құрылыс жүргізуді тоқтатуды талап етеміз.