Алматыда IT мамандар тапшы

Бұл мамандық бұған дейін де сұранысқа ие болып келген.

Пандемия кезінде ақпараттық жүйелер саласына қызушылық арта түсті. Бұған қашықтан онлайн жұмыс істеу тәсілі де әсер етті. Қазір ірілі-ұсақты компаниялар, кәсіпорындар мен мекемелер автоматтандыру жүйесіне көшіп жатыр. Сондықтан IT мамандарға деген қажеттілік артты.

Лунара Сүлейменова өзін жолы болғыш адам санайды. Жоғары оқу орнына да қиналмай түскен. Жұмысты да тез тапқан.  Себебі мамандықты дұрыс таңдадым дейді. Расында да ол көп уақыт жұмыс іздеп қиналмапты. Ақпараттандыру жүйесі бойынша IT маманы аталысымен, дипломын алып бірден жұмыспен қамту орталығына барған. Өтініш қалдырып кеткеннен кейін келесі күні жұмысқа шақырған.    

Лунара Сүлейменова, IT маманы:

– Бір күннен кейін маған хабар береді. Сізді осындай компания шақырып жатыр жұмысқа, қарап көріңіз деп. Жақсы компания екен. Программистердің қандай жұмыс істейтінін көрдім. Сосын 6 ай тәжірибе. Қазір жұмыс істеп жатырмын. Қазір 21 ғасыр. Технологиялардың заманы болып келеді. Сол үшін ақпараттық жүйелер аса қажет деп ойлаймын.

IT-мамандардың аздығы тек Қазақстанды ғана емес, бірқатар мемлекеттерді алаңдатып отыр. Әлемдік рейтинг бойынша бұл ең қажет мамандықтар тізіміне кіреді. Жұмыс берушілер  осы кәсіп иелеріне деген сұраныс пандемияға дейін де жоғары болған дейді. Мәселен, Алматыда осы сала бойынша  Жұмыспен қамту орталығы арқылы былтыр 60-қа жуық ал, биыл 3 жарым айдың ішінде 30 маман еш қиындықсыз жұмысқа орналасқан.

Диляра Иманқұлова, жұмыспен қамту орталығының директоры:

– IT мамандарды бізге көптеп оқыту керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір жаңа технологиялар, өндіріс, көлік сынды барлық салаға ықпал етіп жатыр. Бүгінгі күні бізде бос орындар бар. Айти-дің өзі ішінде бірнешеге бөлінеді. Соның 21 мамандығы бойынша 61 маман қажет. Веб дизайнер, қосымша жасаушы, СММ мендежер, инженер бағдарламашы мен жүйелік инженерлерге сұраныс көп.

Ал еңбек жолын енді бастап жатқан Лунараның айтуынша  жастардың IT саласын таңдауына көп жағдайда оқу ақысы кедергісін келтіреді. Сондықтан түлектер бағасы арзан, бірақ еңбек нарығына қажет емес мамандықты таңдауға мәжбүр болады дейді.

Лунара Сүлейменова, IT маманы:

– Менің байқағаным, достарымның арасында бәрі осы мамандықты оқығысы келеді. Бірақ қазір мынадай жағдай болып жатыр. Оқу ақысы жоғары деген сияқты. Талпыныстары жетеді. Бірақ қаражат жағынан келмей қалып жатады, Сол үшін бас тартып жатады. 

Қазір мегаполисте бұдан өзге телекоммуникациялық байланыс, денсаулық сақтау, білім беру саласына мамандар керек. Сондықтан кім болам дегенде алдымен еңбек нарығын зерттеп алған жөн. Егер қажет мамандық иесі болсаң, жұмыссыз қалмайтының анық.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбаев, Эдуард Кон