Елорданың екі мектебіне бет-әлпетті тану қондырғысы арқылы кіруге болады

Елорданың екі мектебіне пилотты жоба енгізілген еді.

Қазір оның уақыты аяқталуға жақын. Бұл бет-әлпетті тану арқылы мектепке кіруге рұқсат беретін құрал. Арнайы жасалған базада оқу ошағының ұстаздары мен оқушыларының барлық мәліметі сақталады.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

– Бұл қондырғыда менің дене қызуымды 36,6 қылып көрсетті. Сәйкесінше жасыл түс жанады. Дегенмен менің ақпаратым мектепте жоқ екенін көрсетіп тұр. Әрбір кірген оқушының жеке мәліметтері және дене қызуы осы құрылғыда көрсетіледі.

Бұл бет-әлпетті тану қондырғысы. Қазақстандық айти мамандардың жасаған жаңашылдығы.

Ол бірден дене қызуын өлшеп, масканың болуын қадағалайды. Бұдан басқа, деректер базасында тіркелмеген адамдардың мектепке кіруіне жол бермейді. Сондай-ақ оқушылар мен оқытушылардың білім ошағына келіп кету уақытын тіркеп отырады.

Әділет Нұрғожин, Astana Innovations басқарма төрағасы:

– Қазіргі таңда пилотты режимде екі мектепке енгізіп отырмыз. Осы 59 мектеп және 22-ші мектеп. Нәтижелерді қала әкімшілігіне балалардың қауіпсіздігіне өте үлкен жұмыс атқарып жатқан жобаны көрсету керек. Осы жобаны әрі қарай барлық мектепке тарату керек.

Әзірге пилотты жоба елорданың екі мектебіне қойылып, толық тексерістен өтті. Дегенмен алдағы уақытта қондырғыны қолдану ақылы болады. Ол мектептегі оқушы және мұғалімдердің санына байланысты дейді жобаға жауапты мамандар.

Алма Жұмабекова, №59 мектеп директоры:

– Оқушылардың арасында бұл жобаға қарсылық білдіретіндер бар. Себебі оқушының да, ұстаздың да қай уақытта жұмысқа келіп-кеткені көрініп тұрады. Оқушылар арасында ертерек сабақтан шығып кету жоқ. Тәрбиелік мақсатта да қондырғы маған көмектесті. Енді алда келіссөздер жүргізіледі. Қондырғыны мектепке орнату талқыланады.

Мектепке бөтен адам кірмес үшін сондай-ақ карточкалы жүйеден алыстау мақсатында бет-әлпетті тану қондырғысы таптырмас мүмкіндік дейді ұстаздар. Оқушының мектепке қай уақытта кіріп-шыққанын ата-ана да, ұстаз да қадағалап отырады.

БЛИЦ:

– Келіп бетіңді көрсете саласың, уақыт көп кетпейді. Бұрын әрбір оқушыны өлшеп тұратын.

– Бұл жаңа жүйе бізге қызық. Ең бастысы мектепке кіру үшін кезек күтіп сарылмайтын болдық. Сабақтан қашпаймыз, сондықтан уақытты қадағаласа да қарсылығымыз жоқ.

– Бұл қондырғы мектепте бір айдан бері тұр. Енді қолайсыздығы бар. Жұмыс істемей қалған кезі болды. Мұны орнату үшін бізден ешкім рұқсат алған жоқ. Тек суретімізді алып келу керек екенін айтты.

Пилотты жоба сәтті аяқталғаннан кейін елорданың барлық мектебіне қондырғыны орнату көзделіп отыр. Оқу ошақтарына бөтен адамды кіргізбес үшін қауіпсіздік мақсатынды ұтымды пайдануға болады дейді мектеп басшылығы.

Гүлзия Нақыпқызы, Арман Ақшабаев