Елордалық оқушы шетелдік бес университеттен шақырту алды

Елордалық оқушы әлемдегі ең үздік университеттер қатарына енетін 5 оқу орнынан шақырту алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыбританиядағы Кэмбридж, АҚШ-тағы Мичиган, Джорджиотех, Сан-Диего, Санта-Барбара университеттері қазақ баласының өздерінде білім алғанын қалайды. Кез келген есепті шешетін жас дарын ұнаған оқу ордасына аттануға ниет танытып отыр.

Бірнеше оқу орнының назарын өзіне аудартқан озат оқушы – Данат Дүйсенбеков. Биыл елордадағы Spectrum халықаралық мектебінің 12-сыныбын тәмәмдайды. Есеп шығаруға ерте жастан қызыққан. Сегізінші сыныптан бастап математикадан түрлі деңгейдегі ой жарыстарында бақ сынады. Республикалық Олимпиадаға 5 рет қатысып, төртеуінде бірінші орын алды. Халықаралық жарыстардан да бос қайтқан емес. Енді білімін әлемдегі жетекші оқу орындарының бірінде шыңдайды.

Данат Дүйсенбеков, 12-сынып оқушысы:

- 2020 жылы халықаралық математика олимпиадасына ИМО деп аталады соған қатысып, қола және күміс медаль алдым. Осы Олимпиада математикалық олимпиадалар арасында ең танымалы деп саналады. Құжат тапсырдым. Бірақ менің ойымша, Олимпиадаларға қатысқаным көмектесті маған. Себебі олар осы олимпиадаларды жақсы жетістік деп ойлайды. Джорджиотех университеттер АҚШ-тағы ең мықты ұлттық университеттер. Менің ойымша, мен Кэмбридж университетін таңдаймын. Себебі математикадан олардың арасында ең мықтысы болатын сияқты.

Данатты математикаға Муаммар Гүл баулиды. 2019 жылы Қазақстанның үздік мұғалімі атанған. 25 жылдық тәжірибесі бар ұстаз жас шәкіртінің есепке алғыр, ойлауда шапшаң екенін айтады.

Муаммар Гүл, қалалық білім-инновация лицейі математика пәнінің мұғалімі:

- Қазір бізде Олимпиададан ең жақсы Данат Дүйсенбеков. Халықаралық ИМО Олимпиадаға қатысып, силвер медаль алған. Балкан Олимпиадасы, «Джуниор Балкан» Олимпиадасы, «Туймаада», Жәутіков олимпиадаларына қатысып, көбісінен алтын, күміс медаль алды. Халықаралық Олимпиада бойынша Қазақстанның Олимпиада деңгейі 28-35 ел арасына кіреді.

Талапты жас болашақ мамандығын нақты таңдамаған. Десе де, математика ғылымынан ұзап кетпейтініне сенімді. Тіпті осы саланың ашылмаған сырларын тауып, ғалым атануға ниетті.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Арман Ақшабаев, Джанос Битабаров