Ақтөбедегі этномәдени бірлестік өкілдері ағаш көшеттерін екті

Аймақ белсенділері бірлік күнін осылай атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар орталық саябақтың бір бөлігін қоқыстан тазартып, жас тал-теректер екті. Бұл шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қайырымдылық керуені – 30 игі іс» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Облыстағы санитарлық ахуалға сәйкес бұқаралық басқосулар мен мерекелік шараларды ұйымдастыруға рұқсат жоқ. Дегенмен, бүгінгі айтулы күнді этно-мәдени бірлестік өкілдері ұмыт қалдырмады. Концерттік костюмдердің орнына ыңғайлы киім, музыкалық аспаптарды күрек пен тырмаға алмастырған. Демалыс күнінде шаһарды жасыл-желекпен көмкеруге үлес қосуда. Меркелік көңіл-күй де көтеріңкі.

Анастасия Подольянова, «Вяра» болгар этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі:

- Біріге жасалған жұмыс ауызбіршіліктің де кепілі екендігі белгілі. Бүгінгі шара оны тағы бір мәрте дәлелдеп тұр. Жиналғандардың көңіл-күйіне қарап ортақ Отанымызға пайдамыз тиіп жатқандығын түсінуге болады. Барлық қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын.

Орталық саябақтың бір бөлігі өңірдегі өзге ұлттар мен ұлыс өкілдеріне берілген. Сондықтан олар көшет отырғызып қана қоймай, тал-теректер әбден бой алып, тамыр жайғанша баптауды да жоспарлап отыр. Апта сайын суару кестесін де құрған. Болашақта облыс орталығына жеміс-жидек бағын отырғызуды да көздейді.

Маржан Қорғанбаева, ОБЛЫСТЫҚ ҚХА хатшылығының меңгерушісі:

- Бізге арнайы бөлінген осы аймақты біріншіден тазартып, қалдықтардан, қоқыстардан тазартамыз. Екінші мәселе Ассамблея және Алғыс айту күнінде ассамблея тарапынан Тәуелсіздіңтің 30 жылдығына байланысты «Қайырымдылық керуені. 30 игі іс» деген акция бастау алған болатын. Сол бастаудың аясында бүгін 30 ағаш егіп жатырмыз.

Бүгінгі экологиялық шараға этномәдени бірлестіктердің белді мүшелерінен бөлек жастар қанаты да белсенді атсалысуда. Сондықтан аға буын өкілдері игі істі жалғастыратын жандардың бар екендігіне сенімді. Қазір Ақтөбе облысында 90-нан астам түрлі ұлт пен ұлыс өмір сүрсе, 17 этномәдени бірлестіктер тіркелген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков