Талдықорғанда көп балалы аналар үшін тігін цехы ашылды

Талдықорғанда көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасырлар үшін тігін цехы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорында әзірге 21 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 30-ға дейін жеткізу жоспарда бар. Цехтың ашылуына Алматы облысының әкімдігі және «Асыл аналар» қоғамдық қоры ұйытқы болды.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Әйгерім Жоламанова – төрт баланы бір өзі тәрбиелеп отырған ана. Мамандығы – тігінші. Ұзақ жыл үйде жұмыссыз отырып қалған ол былтыр «Асыл аналар» қорының құрамына кірген. Енді жаңадан ашылған кәсіпорында оқыған мамандығы бойынша жұмыс істейді. 

Әйгерім Жоламанова, көп балалы ана:

- Шеберхананың ашылғанын мен ұзақ күттім. Мен естігелі бері қуана күттім. Бұйырса осы жерде жұмыс жасап табысқа жетеміз деген ниетіміз бар. Көп балалы аналарға мүмкіндік беріп отырған облыс әкімі және осы «Асыл аналар» ҚҚ жетекшілеріне алғысым шексіз. Цехымыз өсіп-өркендей берсін.

Тігіншілер цехқа Жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданады. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының әлеуметтік жұмыс орындары бағыты бойынша 5 әйел қызметке алынды.

Диас Бейсенбек, «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының ресми өкілі:

- «Жетісу» ӘКК тарапынан осы ҚҚ-дың алдағы уақытта тігін цехы үшін қаланың ыңғайлы болады деген жерінен ғимарат тауып, толықтай жөндеу жұмысын жүргіздік. Тігін цехы толыққанды жұмыс істеуге болатындай. Сонымен бірге «Жетісу» ӘКК тарапынан 12 тігін құрал жабдығы сатып алынды.

Кәсіпорын енді ашылғанымен, ондағы жұмыс басталып кетті. Тігіншілер қазір халыққа аса қажет болып отырған медициналық қорғаныс құралы – маска тігіп жатыр. Ал алдағы дүйсенбіден бастап Көркейту мекемесіне арнайы киім тігуді қолға алады.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев