Екатерина Богатырева: Қазақ әндеріне құмармын

Өнерде шекара жоқ. Шығысқазақстандық Екатерина Богатыреваның қазақ әндеріне құмарлығы бала кезінен басталған.

Қазір ол Шемонаихадағы мәдениет үйінде ән айтады. Біраз байқауда оза шауып, жүлде алды. Еліміздегі татулық пен келісімнің одан әрі нығаюына үлес қоссам, арманымның орындалғаны дейді өнерпаз қыз.

Шемонаиха мәдениет үйінде қазір қарбалас дайындықтар жүріп жатыр. Мамыр мерекелеріне арнап онлайн концерттер, бейнебаяндар түсіру қажет. Катя әрбір әнге мұқият мән беріп, сөздерін жүрекке тоқығанды жақсы көреді екен. Қазақ әндеріне құмарлығым, қазақ тілін жақсы көруімнен басталды дейді өзі. Бесқарағай ауданының Березовка ауылында дүниеге келген орыс қызын әкесі ауылдағы қазақ мектебіне беріпті.

Екатерина Богатырёва, Шемонаиха мәдениет үйінің әншісі:

- Бала кезімнен көршілердің бәрі: «Сен орыс сияқты емессің, қазақ сияқтысың» дейтін. Өйткені мен мен бала кезімнен орысша ән айтқан жоқпын. Білмеймін неге екенін, бірақ қазақшаға тартатын мені көбінесе. Біздің отбасымызда менің апайым, кішкентай сіңлім бар, олар көбінесе орысша сөйлейтін. Қазақ тілін біледі, бірақ көбінесе орысша. Мен бөлек болатынмын, достарымның бәрі қазақ. Сол сияқты өзімнің ана тілім қазақ тілі сияқты болып тұрады.

Шемонаихадағы колледжде оқып жүргенде өнерімен көзге түскен Катяны аудандық мәдениет үйіне жұмысқа шақырыпты. 6 жылдан бері осында әнші болып еңбек етеді. Қазір репертуарында 100-ге жуық қазақ әні бар екен. Оның ішінде дәстүрлі, эстрадалық әуендер аралас.

Қазір карантиндік шектеулерге байланысты мерекелік концерттер онлайн тәртіппен алдын ала дайындалып, әлеуметтік желілер арқылы таратылады.

Екатерина Богатырёва, Шемонаиха мәдениет үйінің әншісі:

- Жүрегім сол әнге жатса, жаттап, халқыма тарту етемін. Иіліп сәлем беру құрмет қой, халқыма құрмет көрсетіп, сол үшін иіліп сәлем беріп отырамын. Халықтың күлгені, шапалағы ерекше, онлайн режимде мұның бәрін, эмоцияны не бере алмаймыз, не ала алмаймыз. Карантин тез бітіп, бәріміз үлкен бір сахнаға шығып, халқымызды қуантсақ екен.

Мәдениет үйінде 22 өнер ұжымы бар екен. Ән мен би, театр мен қолөнер саласында әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті еңбек етеді.

Қарақат Атаханова, Шемонаиха мәдениет үйінің режиссері:

- Ұжымның өзі барлығы бір-бірімен дос, әрбір мерекеге дайындық кезінде бәріміз бірлесіп, жұмыс жасаймыз. Бұл деген үлкен еңбек, тер. Әр репертуарды тыңдау, әр ұлттың әндерін, мысалы, орыс ұлты қазақша, қазақтар орысша айту, армян, беларусь, әр ұлттардың әндерін айтамыз. Жетістіктеріміз де аз емес, хореографиялық би ұжымдары үлкен жетістіктерге жеткен, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері, вокал топтары көптеген осындай мерекеде өздерінің өнерлерін халыққа паш етіп, көрсетіп жүр.

Қасиетті Рамазан айында Шемонаиха қаласында 500 орындық жаңа мешіттің құрылыс басталды. Бұл бастаманы да ынтымағы мен бірлігі жарасқан халық бір кісідей қолдай кетіпті.

Ержан Дакиев, қоғамдық бастамашы:

- Мешіт құрылысына тек қана қазақтар емес, орыс, армян, әзербайжан, шешен сияқты өзге ұлт өкілдері де жаппай атсалысып жатыр. Біреуі қаржылай көмек берсе, басқасы техникаларын әкелуге дайын. Тіпті кірпіш қалауға дайынбыз дегендері бар. Мұның бәрі біздің еліміздегі халықтың бірлігі мен берекесін көрсетеді.

Ауданда қазақтан басқа 40-қа жуық ұлт пен ұлыс өкілі бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатыр. 9 этномәдени орталық жұмыс істейді. Олардың барлығының тілі басқа болғанмен тілегі бір, жүрегі Қазақстан деп соғады.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы