«Ashyq» неліктен жабық? Қосымшаны жасағандар себебін айтты

«Ashyq» мобильді қосымшасы неліктен істен шықты? Бағдарлама iOS (АйОС) процессоры бар смартфон қолданушылары үшін қазір неге қолжетімсіз? Бұл шектеу уақытша ма?

«Ashyq» жобасы жабылып қалды ма? iOS процессорындағы смартфон иелері жүктеу алаңында аталған мобильді қосымшаны таппай қалған кезде осындай ойда қалғаны рас. Бірақ бұл олқылық уақытша дейді мамандар. Жоба авторларының бірі әлеуметтік желідегі парақшасында «барлық кінәрат төлемді дұрыс жүргізбеуімізден» деп жазды. Бағдарламашылар мобильді қосымшаны қалай дамытамыз деп жүргенде төлем тәртібі өзгергенін ұмытып кеткен.

Виталий Пустовойтенко, «Ashyq» мобильді қосымшасын әзірлеуші:

- Абоненттік төлемді уақытылы жүргіздік. Бірақ басқа адамның атынан төлеппіз. Осыған байланысты мобильді қосымшаны платформадан алып тастаған. Биылдан бастап төлем тәртібі өзгергенін естен шығарып алдық. Жақын уақытта барлығын қалпына келтіреміз.

Деп сендірді. Бірақ аталған бағдарламаға қатысты өзге де шағымдар аз емес. Мәселен, бұрын СМС-хабарлама тарату жүйесінде ағаттықтар болған. Қазақстан тұтынушылар лигасының басқарма басшысы Светлана Романовская «Ашық» қосымшасын әлі де жетілдіру керек. Өйткені кәсіпкерлердің де, тұтынушылардың да құқықтары өрескел бұзылып жатыр дейді.

Светлана Романовская, «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығы ЗТБ басқарма басшысы:

- Мәселен, «Ашық» қосымшасы арқылы өзгенің жеке сәйкестендіру кодын қолдану түк те қиын емес. Яғни науқас адам сау адамның деректерін енгізіп, қоғамдық орындарға емін-еркін баруы мүмкін. Бұл жерде басқа тұтынушылардың құқығы бұзылады. Қауіпсіздік тәртібі жойылады. Артынша кәсіпкерлер де зардап шегеді. Табысынан айырылады. 

iOS платформасына мобильді қосымшаны орнату үшін бұрын басқа адамның атынан ақы аударуға рұқсат еді. Алайда соңғы өзгерістер бойынша жоба иесі енді тек өз атынан төлеуі керек. Сондықтан iOS жүйесіндегілер «Ашық» мобильді қосымшасын көп ұзамай смартфондарына қайта жүктей алады. Ал Android қолданушылары үшін қазірдің өзінде қолжетімді.

Айта кеткен жөн, бағдарламаны 720 мыңнан астам азамат жүктеген. Қосымшаны 1 тәулік ішінде шамамен 126 мың адам пайдаланады.

Авторлар: Мирлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев