Екінші дозаны салу мерзімін кімнің айтуымен ұзартқаны белгілі болды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакциналау паспортын сатуға қатысты пікірін білдірді.

Айтуынша, жалған құжат сату дерегі әзірге тек Алматыда тіркелген. Қазір күдікті қолға түскен көрінеді. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Осы ретте министр мұндай іспен айналысатындарға қатаң жаза қарастырылғанын ескертті. Ол мейлі дәрігер болсын, мейлі медицина саласының өзге қызметкері болсын, ешкімге кешірім жоқ дейді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Біз барлық медицина қызметкеріне бұл қылмыстық жаза екенін ескерттік. Дәрігер болсын, маңындағы қызметкерлер болсын бұл заң екенін түсінуі керек. Біз бәрін тауып жазалаймыз. Мұны дәлелдеу оңай. Өйткені әр доза ақпараттық жүйеде көрініп тұр. Егер мұндай жағдай болса, қылмыстық іс қозғалады. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.  

Министр екпенің екінші дозасын салу мерзімі неге ұзарғанын түсіндірді.

Айтуынша, ресейлік «Спутник Ви» вакцинасын әзірлеген институт ғалымдары осындай тоқтамға келген. Олар вакцинаның екінші компонентін кемі 21 күнде, ұзағанда 90 күнде салу керектігін айтып, арнайы хат жолдаған. Біздің министрлік сол хатқа сүйене отырып, 45 күнді белгілеуді дұрыс деп шешкен. Бірақ егер екпенің екінші дозасын 21 күннен кейін салдырамын дейтіндер болса, онда рұқсат.    

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Біз 45 күн деп белгілегенді дұрыс деп шештік. Егер отандастарымыз бір жарым ай күткісі келмесе, емханаға жүгініп, 21 күннен кейін екпенің екінші дозасын салыдра алады. Оған ешқандай қарсылық жоқ.