Солтүстікқазақстандық шаруалар көктемгі дала жұмыстарына кірісті

Биыл диқандар 4,3 млн гектар алқапты иегеруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның үш миллионына дәнді, қалғанына майлы дақыл егіледі.

Солтүстік Қазақстан облысында дала төсі дүбірге бөленді. Шаруалар соқа-саймандарын сайлап, техникаларын майлап егістікке шықты. Себебі диқандар «көктемнің бір күні жылға азық» екенін жақсы біледі.

Абай Мұқанов, агроном:

- Күзден бастап дайындық жүріп жатыр, егін егу үшін. 3,5 мың гектар зяблевая обработка жасадық. 2 мың гектар парымыз бар. Олардың бәрін енді қазір дайындап, бүгінгі күні бастап жатырмыз, егін егуді. Кісілер бар. Егу материалы дайындалған бәрі. Жанармай бар.

Кеткен шығын мен төккен терді ақтайтындай өнім алу үшін бар шаруа уақытылы жүргізілуі тиіс. Сондықтан ауа райы оң қабақ танытып тұрғанда екі ауысымдық жұмыс басталды.

Павел Леонов, шаруа:

- Қыста қар көп түсті. Нәтижесінде топырақтағы ылғал жеткілікті Бұл ең маңыздысы. Бұдан бөлек, өңдеу жұмыстарын дер кезінде жүргізіп отырдық. Енді биыл жақсы өнім аламыз деген үміттемін.

Биыл өңірде 4 миллион 300 мың гектарға ырыс дәні себіледі. Қарақұмық алқабы екі есе артып отыр.

Нарғыз Ақжігітова, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

- Облыс үшін егіс жұмыстарын жүргізуге Павлодар және Атырау мұнай-химия зауыттарынан жеткізілетін 68 мың тонна көлемінде арзандатылған дизель отынын көзделген. Наурыз-сәуір айларында жеткізу кестесіне сәйкес 37 мың тонна дизель отыны алынды. Және наурыз-мамыр айларында осы дизель отыны үшін соңғы баға 1 литріне 172 теңгені құрады.

Былтыр күзде шаруалар 4,5 миллион тоннадан астам астық жинады. Биыл диқандар осы межеден аспасақ, кем түспейміз деп отыр. Жалпы өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға осы жылы 45,2 миллиард теңгеден астам қаржылай қолдау бағытталмақ.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Нұргүл Ахметова, Руслан Әлиев