Маңғыстау облысындағы шалғай ауылда жеміс бағы мәуелеп тұр

Маңғыстау облысының Қызылқұм мүйісінде жеміс бағы мәуелеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті азамат 32 гектар жерге алма, жүзім, өрік пен көкөніс егіп, жыл сайын мол өнім алады. Жақсылық Ибадуллаев шаруашылығына озық технологияларды да енгізіпті. Өнім жинайтын кезде ауылдастарын маусымдық жұмысқа тартады.

Жасыл желекке бөленген аумақ  Құрық ауылынан 30 шақырым қашықта тұр. Күн ыстықта егін алқабында жүрген кісі байқалмайды. Негізгі жұмыс ты таңғы және кешкі салқында істейді екен. Жаңа технологияларды қолдануы арқасында фермер былтыр бірнеше тонна өрік, жүзім мен алма алғанын айтады.

Жақсылық Ибадуллаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- 2005 жылы шаруашылық аштым. Қауын-қарбыз барлығын ектім. Тал еккеніме де сегізінші жыл биыл. Биыл малға шөп ектім. Былтыр да 3 гектар жерге жоңышқа ектім. Одан да жақсы өнім болды.

Егістік шаруашылықта жерасты суы пайданылады. Іскер азамат соңғы жылдары жылыжай да салған. Мұнда негізінен қызанақ-қияр өсіріледі. Былтырдың өзінде 100 тоннаға тарта көкөніс дақылы ауыл дүкендері мен Ақтаудағы көтерме сауда орнына тасымалданған.

Жақсылық Ибадуллаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Жылыжай жарты гектардай. Одан қазір қияр алып отырмын. Күніне 500 келіден өнім беріп жатыр қазірде. Оңай емес, қол күші керек. Өзіммен бірге тұрақты 3 адам. Уақытша 2-3 болады.

Далада егіс салудың оңай еместігі түсінікті. Ауыл тұрғындары жер қазып, күрек көтергісі келмейді. Амал жоқ, көрші елден жұмыс іздеп келген азаматтарды алуға тура келеді. Қазір оған пандемия кедергі. Шаруашылық басында бір өзі жүрген фермерге ұлдары көмектеседі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев