Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күрес басталды

Ертіс өңірінде зиянкестермен күрес басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шыбын-шіркейдің дернәсілдері ауадан да, жерден де жойылып жатыр. Биыл дезинcекция жасалатын жер аумағы айтарлықтай ұлғайды. Бұл жұмыстарға 500 млн теңге бөлінді.

Ертіс өзенінің суы +25 градусқа дейін жылынды. Яғни, улау шараларын бастауға болады. Дер кезінде уламаса, маса қанаттанып, көбейіп кетеді. Ал, ондай жағдайда күресу қиындайды.

Дәулет Ибраев, ғылыми топ жетекшісі:

- Биылғы жылы дернәсілдер кеш дамыды. Өйткені Ертіс суы кештеу жайылды. Өткен жылы улау шаралары ертерек басталған. Дернәсілдердің қанатқа тұруына жол бермеуіміз керек.

Ертіс аумағындағы жайылымның адам аяғы баспайтын жерлерін АН-2 ұшағымен ауадан өңдеп жатыр. Алдағы күндері тағы бір әуе көлігі қосылады. Арнайы ерітінді өзен жайылымының 900 гектарына себілген.

Қайрат Байбосынов, қансорғыш жәндіктермен күрес жөніндегі жоба жетекшісі:

- Бүгін түске дейін аспанға үш рет көтерілдік. Қазір жұмыстар жалғасып жатыр. Ерітінді даярлап қойдық. Улау жұмыстары кешке дейін жалғасады.

Виталий Вайгер, әуетехник:

- Бір бакқа бір тонна 200 литр биоерітінді құйылып, жайылымға себіледі. Мен аппаратураның жұмысына жауаптымын. Қирап қалмауына жол бермеймін.

Дернәсілдерді әуеден улау жұмыстары бір ай бойы жүреді. Жәндіктер ұя салған 15 мың гектер жер өңделеді. Басты мақсат – масалардың ұшып кетуіне жол бермей, дернәсіл күйінде жою.

Мақпал Лепесова, облыстық қоршаған орта, жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

- 27 мың гектарда авиа және барьерлік улау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Ертістің бойымен баржалық әдіс арқылы және биологиялық препаратты құю үрдісі арқылы баржалық әдіс болып табылады. Бұның жалпы ұзақтығы Ертіс өзенінің Павлодар облысы бойынша ұзақтығы 720 километрді құрайды.

Ертіс өзенінің 1130 шақырымы зиянды жәндіктерге қарсы өңделеді. Бір аптадан кейін шыбын-шіркейге қарсы күрес басталады. Баржалық әдіс арқылы өзен суына биопрепараттар құйылады. Мамандар зиянкестерді түбегейлі жоюға кепілдік бермейді. Бірақ таралуын айтарлықтай азайтады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат