425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда тұрғындар мен әкімдік стадионға таласып жатыр

  • 165
  • UPD: 18:41, 18.05.2021

Алматыда жер үшін тағы талас болып жатыр. Дау №2 Мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің стадионына қатысты туындаған. Әкімдіктің тапсырысы бойынша спорт алаңының аумағында колледжге арналған қосымша ғимараттың құрылысы басталмақ. Ал сол маңдағы Таугүл шағын ауданының  тұрғындары стадионды ешкімге бермейміз деп отыр. Олардың айтуынша, үлкендер де, балалар да осында серуендеп, спортпен шұғылданады. Бұдан басқа жақын жерде ашық аспан астында дене шынықтырумен айналысатын жер жоқ дейді тұрғындар.

- Стадионды бермейміз.

Таугүл ықшам ауданы тұрғындарының айтуынша, стадион осы уақытқа дейін  ешкімге керексіз болған. «Тіпті оның қоқысын да өзіміз тазалап келдік» дейді олар. Мұнда күні бойы балалар ойнап, үлкендер серуен құратын. Сондықтан мұндағы көпшілік стадионды тіптен бергісі жоқ.

Әлібек Мырханов, қала тұрғыны:

- Ертеңгі күні стройка жүретін болса, біз қайда барамыз. Егер участок керек болса, школға дейін 30-50 метр орын бос жатыр. Осы жердікі болса ақсақалдар өтірік айтпайды: пакет алып келіп біз жинаймыз. Акиматқа, үлкен кісілерге айтарымыз стадионға тиіспеңіздер. 32 жыл болды. Ешқандай ремонт болған жоқ, көріңіздер.

Тәжігүл Әбиболлаева, қала тұрғыны:

- Не деген масқара? Өзі мынау тырнақтай ғана жер. Соған көзі түсіп. Жерге жатып алсақ та стадионды бермейміз.

Ал колледж басшылығының өз уәжі бар. Мекеме директоры бала саны көбейгендіктен студенттер сыймай жатыр дейді.

Қалалық әкімдіктің өкілдері де «жаңа оқу ғимараты стадионның бір бөлігіне ғана салынады» деп отыр.

Бибі Дуанбаева, колледж директоры:

- Бұл аумақ 40 жылдан бері колледжге тиесілі. Бізде 900-ден аса оқушы оқиды. Ал ғимарат 400 адамға ғана шақталған. Сондықтан тағы 500 орынға арналған оқу корпусы керек. Шынымда айтсам, бізде дұрыс спортзал, акт залы, асхана жоқ. Жылдан жылға студенттер саны көбейген соң бізге оқу ғимараты тарлық ете бастады. 

Нұрбек Жасубаев, Жайлы қалалық орта басқармасының бас маманы:

- Жер телімінің жалпы шаршы метрі 8 мың квадрат метр. Салынатын жапсардың құрылысы – ол 2 мың шаршы метр. Қосымша бізде баскетболға, волейболға арналған стадион қарастырылған.            

Бірақ белсенді топ өкілі Әсел Есентүгелованың айтуынша, құрылысқа қатысты қоғамдық тыңдау дұрыс өтпеген. «Ондағы ақпарат шындыққа жанаспайды» дейді. 

Әсел Есентүгелова, қала тұрғыны:

- Стадионның тек төрттен бір бөлігін аламыз дейді. Бірақ біз өзіміз зерттеп білдік. Оған құрылыс талаптарына сай қызыл жолақ түседі. Ол да біраз аумақты алады емес па? Жоқ дегенде стадионның 40 процентін, яғни жартысына жуығы кетіп қалғалы тұр. Оған қоса 200-ге жуық ағаш кесіледі.

Стадионның дәл іргесіндегі 127-мектепте мың жарым бала оқиды. Оған  осы маңдағы жеті шағын ауданда 30 мыңдай адам тұрады. Белсенді топ «Колледжге ғимарат керек шығар. Дегенмен, стадионға тұрғызу мүлдем дұрыс емес. Қайта қалыпқа келтіріп, көгалдандырып, жүгіру жолағын жасап қойса қуанар едік» дейді. Ал қазір құрылыс жүргізілетін алаңды қоршау жұмыстары басталып кеткен. Тұрғындар мәселе шешілмесе сотқа жүгінеміз деп отыр.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы