Шығыс Қазақстан өңірінде орманды алқапты өрт қаусатып жіберді

Шығыс Қазақстан өңірінде орманды алқапты от қаусатып барады. Мұнда биылдыққа 16 орман өрті тіркелген. Соңғысы Риддердегі оқиға. Одан кейін Бұқтырмадағы демалыс базасы өртенді. Сорақысы сол, бұл жағдайларға адамдардың абайсыздығы мен салғырттығы себеп. Қазір өңірде мобильді топ құрылып, рейд жүріп жатыр.

Риддердегі орман өрті өшер-өшпестен, Бұқтырма бойындағы желекке жалын тие жаздады. Ондағы демалыс базасының бірі отқа оранды. Аяқасты бірнеше үй мен дәмхана, монша  өртеніп кетті. Әп-сәтте демалыс орнының күлі көкке ұшты. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Ең қорқыныштысы, сол бұл демалыс базасының тура іргесінде орман тұр. Онымен қоса мұндағы үйлер бірінің үстіне бірі иін тіресе орналасқан. Сондықтан өрт сөндірушілер жедел жетіп, жинақы әрекет етпеген жағдайда бұл ерде алапат өрт болар еді.

Өрт сөндірушілер алдымен жалаңдаған жалын тілінің маңайдағы орманға тимеуіне мән береді. Сондықтан бірден белдеуге қарауыл қойып, сақтық шараларын күшейтеді.

Дәулет Әбілқайыров, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі:

- Орманға тиіп кетуі әбден мүмкін болды, 4-5 үй қатарынан жанып тұрды, алдымен ішін өшіріп, газ баллонын шығарып.

Осылайша демалыс орнына тиіп тұрған жасыл желек тек құтқарушылардың арқасында ғана аман қалды. Оған маңайдағы тұрғындар да куә. Жап-жас жігіттер бір емес, бірнеше газ баллонын өрт ортасынан шығарып, жанкештілік көрсеткен. 

- Мына ағаштың әрқайсысына су құйып, бір шоқ қалмауына өздері үлес қосып, сол кісілердің арқасында аман қалды.

Алайда тілсіз жау әркез ырыққа көне бермейді. Оған дәлел бір апта бұрынғы Риддерде кәуап жасауға жағылған оттан тұтанған орман өрті. Бір адам бақилық болып, екі адам зардап шекті. 31 үй мен бірнеше қора-қопсы жанды. Құтқарушыларды әбден титықтатқан жалын тек екі тәуліктен соң әрең өшірілді. 283 гектар орман алқабы жанып кетті. Сондықтан өрт сөндірушілер орманшылармен және жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, 69 мобильді топ құрып, рейд жүргізіп жатыр.

- Міне мына жерде костёр жаққан ғой, күлі жатыр, орман, орман ішінде костёр жағады, қанша профилактикалық әңгіме жүргізсек те ескеріп жатқан жоқ.

Рейдте жүргендердің бірі Серік Оразбаев. Орманшының қарамағында орман шалғыны аралас 126 гектар жер бар.

Айтуынша, әсіресе демалыс күндерінен соң мұнда күл-қоқыстан аяқ алып жүру қиын. Темекі тұқылы, шыны құтылар, қағаз қорап қаптап жатады. Солардың біріне шоқ тисе болды, өрт қайдан шықты демеңіз.

Серік Оразбаев, орманшы:

- Темекі, шылым тастаған, одан кейін шыны күнге шағылысып, шыны бутылкалар содан өрт лап ете  түсуі, неге десеңіз бәрі құрғақ, кеуіп тұр, лап ете түседі, жел соғып тұрғанда қиын ғой тоқтату, желден тоқтату деген өте қиын.

Рейдпен қатар төтенше жағдайлар қызметі ғарыштан бақылау әдісін де қолданып жүр.

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД бас маманы:

- Ғарыштан осы шөп жану нүктелерін алғашқы басқы деңгейде анықтауға мүмкіндік береді. Өрт қауіпсіздік кезеңі 11 сәуірде басталғалы бері бүгінгі күнге дейін 176 термонүкте анықталды.

Әзірге мобильді топ жүргізіп жатқан рейд нәтижесінде 200-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов