Еліміздің солтүстігінде мектептер болмашы бағаға сатылып жатыр

Шалғайдағы емес, елорданың іргесіндегі ауылдарға да жастар тұрақтамайды. Мектепке баратын бала саны да анағұрлым азайды.

Ал елдің солтүстігіндегі мектептер аукционға шығарылды. Өйтпеске амал жоқ. Зәулім ғимараттар қаңырап тұр. Ал халық жаппай қалаға көшіп жатыр.  

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Үлкен қалаларға жастар оқуға, жұмыс істеуге келеді. Жәй келмейді. Арман қуып келеді.

Арман қуып біз келген Наумовка ауылының жастары да үлкен қалаларға кеткен. Қазір бұл елді мекенде үлкендер ғана қалыпты. Жастар жоқтың қасы.

Жастардың жоқтығына мына шағын комплектілі мектеп мысал. Білім ордасы жалпы 224 орындық. Бірақ 80-ақ оқушы білім алып жатыр.

Талғат Раисов, Ақкөл ауданы Наумов мектеп-балабақшасының директоры:

- Бұрын орта мектеп болған кезде бала саны 180-200-ге дейін жеткен. Мектепте балабақша жұмыс істейді. 2 топ бар. Жалпы саны 20 баламен тәрбие жұмыстары жүргізіледі.

Биыл мектептің 11-сыныбын екі-ақ оқушы тәмамдағалы отыр. Ол екеу Кристина мен Никита. Бірінші сыныпта бұлар 14 бала болған екен. Сыныптары толған екен. 9-ға келгенде 11-і ғана қалған. Ал сол тоғыздан соң тағы тоғызы кеткен қалаға. Кристина да Көкшетауға кеткелі отыр. Колледжге түспекші. Мұғалім боламын дейді. Жақсы ғой. Алайда диплом алған соң ауылына оралғысы жоқ. 

Кристина Степаненко, 11-сынып оқушысы:

- Туған өлкеме қайтып келемін деп сөз бере алмаймын. Көкшетауда қалып қоюым да, бәлкім басқа қалаға кетуім де мүмкін. Барлық туыстарым ауылда. Бірақ нақты осында келіп, жұмыс істеймін деу қиын.

Әдетте ауылдан халық көңілдің тоқтығынан емес, жұмыстың жоқтығынан кететін. Ал Ақкөл ауданына қарасты Наумовкада жұмыс бар. Білдей шаруа қожалығы тұр. Сауын фермасы жұмыс істейді. Егін егіледі. Тұрғындардың тең жарымы сол қожалықтан нәпақасын тауып жүр. Дегенмен, жұмысшылардың арасында жас буын жоқ. Жұмыспен қоса елді мекенде су да, интернет те бар. Бірақ туған жеріне жастар қазық болып қағылып жатқан жоқ. Қайта қалаға ағылып жатыр.

Талғат Раисов, Ақкөл ауданы Наумов мектеп-балабақшасының директоры:

- Қазіргі таңда ауылымызда жастар аз. Жастар жақсы өмір іздеп, қалаға кетеді. 

Жақсы өмір іздеп, қалаға кеттік, арманға жеттік дей ме екен? Қазір екі-ақ оқушы 11-сыныппен қоштасқалы отырса, келесі жылы бұл білім ордасынан 3 оқушы түлемек. Биыл бірінші сыныпқа небәрі 7 бала қабылданады.  

Тұрғындарының қатары сиреп бара жатқан елді мекендердің тағы бірі солтүстікте. Жалпы теріскей облыстан жыл басынан бері 416 адам қоныс аударған. Олардың көбі жанға жайлы жер іздеп шетел асқандар. Өңірде уақыт өткен сайын көші-қон проблемасы қиындап барады. Мәселен, бүгінде өңірде халық саны 50-ден кем 65 елді мекен бар. Ал 10 ауылда тек 10 азамат ғана қалған. Салдарынан мектептер аукцион арқылы саудаға шығарылып жатыр. Жалпы білім басқармасының мәліметі бойынша соңғы 10 жылда аймақта 150-дей білім ошағы жабылған екен. Биыл тағы 9 бастауыш мектептің есігіне кілт ілінбек.

Василий Воскобой, Рождественка ауылының тұрғыны:

- Рождественка кезінде үлкен ауыл болған. Қазір біздің көшеде небәрі үш үй қалды. Халыққа жағдай жасалмаған соң бәрі басқа жаққа көшіп жатыр. Мектебіміз қандай еді? Тіпті онда шағын орталық та жұмыс істеген.

Елорда халқының саны қазір бір миллионнан асып кетті. Ол жұрттың дені осындай елді мекендерден барғандар. Бірнеше ауыл жабылды да. Жабылудың алдында тұрғаны қанша? Әсіресе шекара маңындағы елді мекендердің жағдайы алаңдатарлық. Ауыл жұрты аялы мекендерге бетбұрыс керек дейді.

«Сонда ғана жастар келеді» дейді. «Ертеңге сенеді» дейді. 

Қорған Қонысбайұлы, Асхат Қарақойшиев, Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев