Петропавлда қолқаны қапқан жағымсыз иіс қайта шыға бастады

Синоптиктер ауадағы күкіртсутектің көлемі 10 есеге дейін артқанын айтады.

Енді елдің халі қалай болмақ? Ауру көбейіп кетпей ме? Бұл сұраққа жауап беруге жауаптылар құлықсыз.

Қардың көбесі сөгілсе болды, қаланы жағымсыз иіс жайлайды. Соның салдарынан тұрғындардың жүрегі айнып, бастары айналады. Және бұл жылда қайталанады.

Александр Рыбин, қала тұрғыны:

- Соңғы кездері кәріз иісі қатты сезіледі. Бұл адам денсаулығына өте зиян. Кейде тынысың тарылып қалады.

Ольга Кучерова, қала тұрғыны:

- Терезелер ашық болған соң иіс үйді де жайлап кетті. Қандай ауамен демалып жүргеніміз түсініксіз. Мәселені тез арада шешу керек. Бірақ ешкім ешқандай шара қолданып жатқан жоқ.  

Сасыған иіс қала сыртында орналасқан биотоғаннан шығады. Мұнда кәріз сулары жиналады. Салдарынан қалдықтар шіріп, күкіртсутек бөледі. Мәселен, осыдан бір күн бұрын әскери институт аумағында оның максималды концентрациясы тіркелді. Көрсеткіш нормадан 10 есе асып түскен.

Оксана Гордиенко, ҚАЗГИДРОМЕТ РМК облыстық филиалының зертхана басшысы:

- Ауадағы күкіртсутектің нормадан асып кетуі сәуір айыннан бастап байқалуда. 17 мамыр, яғни күні кеше ол қауіпті деңгейге жетті. Сәйкесінше біз барлық өкілетті органдарға хабарладық.

Сумен жабдықтау кәсіпорынына тиесілі биотоған осыдан 70 жыл бұрын құрылған. Содан тазарту жұмыстары жүргізілмепті. Қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Бірақ ол  бюджеттен бөліне ме, жоқ па белгісіз.

Ербол Нәбиев, сумен жабдықтау кәсіпорны су бұру кешенінің басшысы:

- Жағымсыз иісті балдырлар жоя алады. Бұл өсімдіктерді хлорелла деп атайды. Тек оны тоғанға жіберу керек. Арнайы құжаттары жиналып, әкімдікке жібердік. Жобаны қаржыландыру үшін шамамен 50 миллион теңге қаржы қажет.

Қалалық әкімдікпен экология департаментінің мамандары аталған мәселеге қатысты сұхбат беруден бас тартты. Өйткені күрмеулі мәселе қашан тарқатылатынын әзір белгісіз. 

Самат Қайырденұлы, Нұргүл Ахметова, Төлеген Иманов