Шымкенттен Риддерге көмек керуені жолға шықты

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Алапат өрттен зардап шеккен Риддерге Шымкент қаласынан көмек көлігі тағы да жөнелтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы қайырымдылықты қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ұйымдастырды. Бастамашыл топтың игі ісін әкімдік пен түрлі ұйымдар, волонтерлік топтар да қолдады.

Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Қайырымды жандар, азық-түлік пен тұрмыстық қажетті заттарын жүк көлігіне тиеді. «Жалпы көлемі 8 тоннадан астам шаруашылық тауары ең қажетті деген бұйымдар», - дейді ұйымдастырушылар. Игі іс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орайластырылған Ассамблеясының «30 игі іс» марафоны аясында жалғасты.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Шымкент қаласының ассамблея мүшелері, біз ШҚО-мен тығыз байланыстамыз. Ол жақтағы мәдени орталықтармен қарым-қатынастамыз. Егер тағы да көмек көрсетеміз деп шығып жатса, құба-құп деп қолдаймыз.

Бірлік пен ынтымақ біздің басты ұстаным дегендер қалаға қарасты 17 этномәдени бірлестіктің өкілдері. Олар ауызбіршілік осындай қиын кезеңде көрініс табады деп біледі.

Роза Пак, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы:

- Бүгін мен өзімнің этномәдени орталығымнан тыс қала алмадым. Біз алғашқылардың бірі болып көмек көрсетудеміз. Риддерліктермен барлық Қазақстан халқы бірге. Сіздер жалғыз емессіздер! Біз сіздермен біргеміз және әрқашан көмекке дайынбыз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Волонтерлік пен қайырымдылық мемлекетіміздің ұзақмерзімді басымдығы. Бұл – патриотизмнің жарқын көрінісі» деген еді. Естеріңізде болса, өткен аптаның демалыс күнінде Риддерге жолға шыққан патриот жастардың көмек керуені тұрғындарға үлестіріліпті. Ал Ассамблея өкілдерінің марафоны алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов