Қырғыз мәдениет қайраткері «Достық» орденімен марапатталды

Қырғыз мәдениет қайраткері «Достық» орденімен марапатталды

Қырғыздың мәдениет қайраткері Садық Шер Нияз Қазақстанның мемлекеттік наградасымен марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес Садық Шер Нияз екінші дәрежелі «Достық» орденін алды. Награда халықтар арасындағы бейбітшілікті, достықты және ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін берілді. Марапаттау рәсімі бүгін Бішкекте өтті. Қайраткерге аталған орденді Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рәпіл Жошыбаев табыстады. Садық Шер Нияз продюсер әрі кино режиссері. Ең танымал еңбектерінің бірі – «Құрманжан Датқа» тарихи драмасы.

Садық Шер Нияз, Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

– Қазақ халқы атынан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен осы орденді алу үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Себебі қазір біз өте қиын кезеңде өмір сүріп келеміз. Сондықтан екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайта түсуіміз қажет.