Қостанай облысы Амангелді ауданындағы жолдардың сапасы сын көтермейді

Қостанай облысы Амангелді ауданындағы тас жолдардың жартысының сапасы сын көтермейді. Жүргізушілер «көлік жөндеуден шығынға баттық» деп отыр. Әсіресе облыстық маңызы бар Әулиекөл-Жалдама бағытындағы жолдың азабын әбден тартқан.

Ұзындығы бар болған 16 шақырым Амангелді-Үрпек тас жолы жүргізушілерді әбігерге салып, шығынға батырып отыр. Асфальті мүлдем жоқ. Көлік иелерінің арманы мінсіз жолмен жүру.

Досым Құдайбергенов, Үрпек ауылының тұрғыны:

- Машинаны құртады шынын айтқанда. Шаршатады кәдімгідей. Бұл жолды дұрыстаса екен деп армандап, неше жыл болды. Салыну керек жол. Жаңадан алған өзінде болмайды. Қазіргі кезде қосалқы бөлшек деген өте қымбат. 

Торғай өзені арқылы өтетін көпір де әбден тозған. Жылда жөндеу жүргізілгенімен әр жерден тесілгені байқалып тұр. Саңылаулардан жер көрінеді. Тіреулері де ескірген. Аудан әкімдігі бұл мәселеден құлағдар. Бірақ осыған дейін бюджеттен тиісті қаражат бөлінбей келген.

Руслан Қайырбеков, Амангелді ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Көпірге орташа жөндеу әзірге. Жоба жасауға 13 млн теңге басқармадан сұрап жатырмыз. Амангелді-Үрпекке 16 шақырымға қазір техникалық құжаттар дайын тұр. Облыстық бюджеттен 90 млн теңгедей қаражат бөлінген биылға.

Жалдама елді мекенінен облыс орталығына дейінгі жолмен көлік жиі қатынамайды. Бірақ Амангелді және Жангелдин ауданы үшін оның орыны бөлек. Себебі Қостанаймен байланыстыратын жалғыз трасса осы. Бес жыл бұрын аздап шұңқырлары жамап-жасқағаны болмаса, былтыр тас-талқаны шыққан.

БЛИЦ:

- Жол нашар. Істеп жатыр ғой. Дұрыстайтын шығар. Бірақ нашар. Мына кісілер де шаршап келе жатыр ғой. Қостанайдан Торғайға ылғи қатынаймыз.

- 33 Ең көбі 60. Одан әрі баса алмайсың. Ал былай 20, 30. Державинмен баруға болады. Бірақ алыс қой. Осы жақпен жүреміз сосын. Қырық шақырымдай артық жүреміз. 

Жолға орташа жөндеу жұмыстары былтыр Науырзым ауданынан бастау алған. Осы күнге дейін апатты деп танылған 257 шақырымның жартысы қалпына келтірілді. 

Болат Сейдахметов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 9,2 млрд теңге бөлінді. Сол орташа жөндеумен 16 нысанды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде Әулиекөл-Жалдама жолының 125 шақырымы жөнделеді. Соны «1 қарашаға дейін аяқтаймыз» деп көздеп отырмыз. 

Биыл облыс бойынша бар болғаны екі процент жол жаңа кейіпке енеді. Бұл шамамен 182 шақырым. 

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров