Қарағандыда зұлмат жылдардың қасіретін зерттейтін институт ашу керек – ғалымдар

Қарағандыда зұлмат жылдардың қасіретін тереңірек зерттейтін, әрі ғалымдардың осы тақырыптағы еңбегін біріздендіретін арнайы институт ашу керек. «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» деп аталатын конференцияға қатысушылар осындай ұсыныс жасады.

Онлайн форматта өткен жиынға елдің бірнеше облысынан тарихшылар қатысып, өз ойларын білдірді. Ал конференцияны КарЛаг тарихын терең зерттеп жүрген танымал ғалым, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков жүргізді.

Өткен ғасырдың 30 жылдары елдің азаттығын аңсаған Алаштың ардақты ұлдары тоталитарлық жүйенің құрбанына айналып, жазықсыз жапа шекті. Олардың ерлігін дәріптеп, рухына тағзым ету кейінгі ұрпаққа аманат. Қашанда тарих қасіретінен сабақ алу керекпіз дейді конференцияға қатысқандар.

Абзал Нүкенов, облыс әкімінің орынбасары:

– 25 мыңнан астам оқыған азаматтарымыз ату жазасына кесілді. 100 мыңға тарта арыстарымыз ит жеккенге айдалды. Миллиондаған өзге этнос өкілдері күштеп қоныс аударылды. Қазақ халқы солардың барлығын бауырына басып, өзім дегенді өзекке теппеді. Қасіретті жылдардың қаралы таңбасындай болған КарЛаг-тың құрылғанына да биыл 90 жыл толып отыр. Ондағы жинақталған әрбір жәдігердің тарихын, әрбір экспонаттың сырын біздің жастарымыз санасына сіңіре білуі тиіс. 

Тарихшылардың айтуынша, зұлмат жылдары Қарағанды лагерлерінде бір миллионнан астам адам тұтқында болған екен. Ал Қазақстаннан 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырапты. Қасіретті жылдардың ақтаңдақтарын әлі де толық зерттеу үшін прокуратура қабырғасындағы құпия құжаттарға қол жеткізу керек дейді тарихшылар. Сондай-ақ олар Қарағандыда ғылыми-зерттеу институтын ашуды ұсынды. 

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы:

– Қарағандыда үлкен орталық болу керек. Өйткені нағыз аштыққа ұшыраған және негізгі қазақи мінездің, рыцарлық мінездің орталығы бұл, бүкіл қазақтың эпидцентрі. Бұл жерде ашылмағанда, басқа қай жерде ашылуы мүмкін.  

Конференция соңында арнайы қарар қабылданды. Сондай-ақ бұл күні жас ғалым Әділет Жағыпардың «Елін сүйген ерлер партиясы тарихы» кітабының тұсаукесері өтті.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев