Жамбыл облысындағы Ерназар ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр

Жолдың жоқтығы сүті мен айранын, майы мен ірімшігін сатып шай-пұлын ажыратып отырған жұрттың жағдайын қиындатып жіберген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті халық бұл мәселені көтергелі 30 жылға жуықтаса да, проблема шешілмей келеді. Ауылдағы қордаланған мәселе мұнымен бітпейді. Жол мен апатты жағдайдағы көпірдің кесірінен аудан мен қалаға қатынайтын жалғыз автобус та жүрмей қалған.

Жолдың жоқтығы ерназарлықтарды әбден титықтатып, қажытып жіберген. Жөні түзу жол болмаған соң бұл жермен көлік те жүрмей қалған. Жұрт көрші жатқан аудан мен ауылдарға әрең қатынайды. Небәрі бес минуттық жерді сағаттап жүруге мәжбүр.

Әбді Елшібеков, Ерназар ауылының тұрғыны:

– Мына жол көп болса, 4,5-5 шақырым. Ана жерде Сорғы деген жер бар. Қаратауға кезінде су айдаған. Міне, соған жету бізге мұң.

Бұл мәселенің шешілмей тұрғанына ширек ғасырдан асқан. Мұқтаждықтан ауылдық ағайын жергілікті билікке талай рет шағымданған. Алайда тірлік құрғақ уәде мен бос сөзден әріге бармаған. Енді халық Билік бізге қашан көңіл аударар екен деп күтіп отыр.

Сәндіхан Әуесханұлы, Ерназар ауылының тұрғыны:

– Осы жолды ата-бабамыздан бері қарай айтып келе жатырмыз. Сайланатын депутаттар істейміз дейді. Уәде береді. Кетеді. Жоқ. Ауданның әкімі келеді. Қатырамыз дейді. Үш жылдан кейін ол ауданның әкімі жоқ. Кім екенін де білмей қаласың.

Ерназар ауылы Жамбыл ауданына қарағанымен жұрт сүт пен ірімшігін, қаймағы мен айранын Қаратау қаласына апарып сатады. Осы жолдың бойында дәл осылай күнелтіп отырған бірнеше ауыл бар. Соңғы жылдары жолдың нашарлығынан елді тасмалдайтын жалғыз автобус та тоқтап қалған.

Мақсұтхан Құрмашев, Ерназар ауылының тұрғыны:

– Шешу керек. Оны шешу үшін көпір, жол салу керек. Елге не керек. Өмір. Жақсы тұрмыс керек. Сондықтан көпірді жөндеу керек.

Жұрттың сұрап отырғаны – Талас пен Жамбыл аудандарын жалғап жатқан Қойгелді-Ерназар бағытындағы аудандық маңыздағы жол. Бес шақырымдай бөлігіне асфальт төселмеген.

Кезінде 45 миллион теңгеге төселген шағал тастың майдасы қашып, қазір тек ірілері ғана қалған.

Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл жұмыстардың бітуі сараптамаға сәйкес болып тұр. Бір ай көлемінде. Ол жұмыстар, конкурстар бітетін болса, жол құрылысы басталады. Бес шақырымын асфальт жұмыстарына 18 миллионға жасалатын болады.

Бұл жол салынса, көлік нөпірі көбейіп, түкпірде қалған 6 елді мекенде барыс-келіс артады. Дүкен, көлік жөндеу орындары, шайхана сияқты нысандар ашылып, шағын кәсіпкерлік дамиды. Ең бастысы, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы біршама түзелер еді. Алайда 30 жылға жуық уақыт бойы бұл іске немқұрайлы қараған әкімдіктің енді жол салып беретініне жұрт күмәнмен қарайды. 

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев