Ақтауда үлескерлер төрт жыл бойы баспаналарына кіре алмай жүр

Үмітін үкілеп, жаңа үйге қашан кіреміз деп 4 жыл бойы басы қатқан тұрғындар – «Махаббат» тұрғын-үй кешенінің салымшылары, деп хабарлайды «Хабар 24».

500-ден астам тұрғын миллиондап салған қаражатын қайтара алмаған. 2018 жылы тапсырылуы тиіс тұрғын үйдің құрылысы әлі жүріп жатыр. Мердігер мекеме өкілі жиналған ақшаның мақсатыз жұмсалуы мен жұмыс күшінің болмауы құрылыстың тұралап қалуына себеп болды дейді.

40 жастағы Бекжан Бекберов сан соғып қалғанына қынжылады. 3 жыл бұрын 4 бөлмелі баспанаға көшемін деп армандаған еді. Тырнақтап жинаған қаражатын ойланбастан аударған. 20 миллион теңгеге жеткізу үшін бұрынғы үйін сатыпты.

Бекжан Бекберов, үлескер:

- 3 бөлмелі үйімді сатып, қаражаттың бәрін осыған салдым. Күнде үйде айқай. Өзім де көпбалалы отбасымын. 3 жыл бұрын айналамызда тұрған үйдің біреуі салынбаған. Бірі жоқ еді. Ал біздікі 3 жылдан бері салынып жатыр. Ақшамды қайтар деп жазып едім. Қайтармайды, келісімшартты бұз дейді. Үйсіз де, ақшасыз да қаламын ғой.

Айгерім Ашықбаева, тілші:

- Бұл үйге көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектер сияқты 500-ден астам салымшы қаражатын салған. Өтіріктің шырмауына түскен тұрғындар сақалды құрылыстың таяу уақытта бітетіне күмәнді.

Сұлу Нұрова, үлескер:

– Айтудың шеті жоқ, ақ-қарасын айырып беруге көмек сұраймыз. Адамдар пәтер жалдап жүр, басқа таныстарым әке-шешесінің үйіне барып отыр. Бәрі осындай жағдайда. Мына үйді бітіріп беруге көмектесіңіздер. Терезе де жоқ. Ай сайын соза береді. Тұрып отқан баламның үйін «Махаббат» кешеніндегі үйге ауыстырдым. Сол үйдің бірі бұрын сатылып кеткен болып шықты. Әр жерде бала-шағамен жүрміз.

Мәселенің мән-жайы жергілікті билікке жақсы таныс. Сондықтан бүгін тұрғындармен кездесуге қала әкімінің орынбасары келіпті. 2017 жылы құрылысы басталған «Махаббат» кешенінің 2 үйі осы жылдың аяғына дейін тапсырылатынын жеткізді.

Ербол Ізбергенов, қала әкімінің орынбасары:

- Тұрғындарды қатыстыра отырып талқылағанбыз. Қараша айында 2 үйді тапсырамыз деген жоспар бар. Тұрғын үй кешені 5 үйден тұрады. 2-үйдің тұрғындары келген. Олар жұмыс өте баяу, адам аз деп айтқан болатын. Жалпы құрылыста жүрген 60-тай адам. 30 жұмысшы керек деп отыр. Ақтау қаласындағы құрылыс жүргізіп жатқан мекемелермен келісім жүргіземіз. Солардан көмек сұраймыз.

Тұрғын үй кешенінің алғашқы легі осыдан екі жыл бұрын берілуі керек болған. Ондағы 312 пәтер түгел сатылып кеткен. Қаражатты қалтасына салған құрылыс компаниясының басшылығы 2019 жылдың соңына дейін бітеді деп ант-су ішкен екен. Ал былтыр тапсырылуы тиіс 400 пәтерлі 3 үйдің 60% өткен.

Еркебұлан Сарманов, мердігер мекеме өкілі:

- Негізгі себеп – қаражаттың өз мақсатында жұмсалмауы. Жұмыс сондықтан жай жүрді. Шарт бойынша уақыттары өтіп кетті. Осы компанияда болған басшылар, құрылтайшылар бар. Бәріне экономикалық тексеру жүріп жатыр. Халықтың салған қаражаттарының артын іздестіру жүріп жатыр. Құрылыс материалға байланысты жұмыс тапшылығына, індетке байланысты тоқтап қалған. Қазір бәріне жеткілікті материал бар.

Қазір құрылыс басында 6 жұмысшы бар. Алдағы уақытта тағы 30-ы келмек. Осылайша, жыл аяғына дейін 2 үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ал қалған 3 үйді кезең-кезеңімен 2023 жылға дейін тапсырылады дейді мердігер.

Айгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев