Даладан сатып алынған ас-су қаншалықты таза

Жаз келді. Бұл алдымен балмұздаққа сұраныс артатын кез. Енді даладағы сауда да қыза түседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ сатылып жатқан тамақ, сусынның тазалығына қаншалықты сенімдісіз? Санитарлық талаптар толық сақтала ма?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Қазір далада мұндай сауда дүңгіршегін ашу оңай болып кеткен. Баяғыдай санитарлық-эпидемиологиялық мекемеден рұқсат алып қажет емес. Тек ашылып жатырмыз деп алдын ала ескертсеңіз жеткілікті. Енді оңайлықпен ашылған соң ол жерлерде санитарлық талаптар қаншалықты сақталады?

Мына суреттер санитарлық талап қаншалықты сақталады дегенге жауап. Бәріне күл шашудан аулақпыз, әрине. Бірақ тазалықты бір жағына ысырып қоя салғандар баршылық.   

Бұл суреттерді фейсбукке бір азаматша жүктеді. Елордадағы жағдай деп былықты жасырмай жариялаған екен. Тіпті «Республика 9/3» деп мекенжайды да қоса көрсеткен. 

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Аталған мекенжайға келдік. Шынымен де үйдің астындағы автотұрақ. Осының ішіне тоңазытқыш қойылған екен.

БЛИЦ:

– Санитарлық талап сақталады дегенге күмәнмен қараймын.

– Халықтың тамақтануы, қауіпсздігі маңыздырақ шығар деп ойлаймын. Қадағалайтын органдар бар шығар.

Бар ғой. Бірақ, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерінің тексеруге келгенде қолы қысқа. Әлеуметтік желіде қанша сурет тараса да, жазбаша түрде арыз-шағым болмайынша мамандар даладағы сауда орындарын тексере алмайды.

Айнұр Дәулетбаева, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы:

– Дүңгіршектер, көшедегі сауда орындары эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз нысандарға жатады. Бұл дегеніміз ол орындарға санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілмейді. Былай айтқанда жоспарлы тексерулерден босатылған нысандар. Яғни бұл нысандарға халықтың өмірі мен денсаулығына жаппай қауіп-қатер төнген жағдайда сондай фактілер анықталған жағдайда, әрине өтініш негізінде жоспардан тыс тексеріс жүргізілуі мүмкін.

Жалпы елордада далада жеңіл-желпі тамақ, сусын сататын 650-ден аса орын бар. Сатушылардың өзі тазалықтың жиі сақтала бермейтінін айтады.

Бибіжамал Мамбетова, сатушы:

- Мен сияқты жеке кәсіпкерлер ғой. Өздері бұзады. Тазалықты сақтау керек. 

Сақтау керек. Сақталмаса, бей-жай қарап жатпау керек. Дер кезінде санитарлық мекемеге шағымдану қажет дейді мамандар. Әйтпесе бізде уланып, ауырса да арызданатындар аз. Жылы жауып қоя салады. Мәселен, биыл қалалық департаментке үш-ақ шағым түскен. Мамандар 1 миллион халқы бар бас қалада санитарлық талаптардың үшеуден көп бұзылатыны анық дегенді алға тартты. Және мынадай кеңесті қоса айтты. Әр адам алған тамағының сақталу мерзімін тексеріп, тазалыққа көз жеткізгені жөн.

Қорған Қонысбайұлы, Жарқын Мырзахан, Ербол Дайыров