Қостанай облысында аудандық білім бөлімдеріне 17 жаңа автобус тапсырылды

Өңірде екі жарым мыңнан астам бала қатынап оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қауіпсіздігін, сапалы білім алуын қамтамасыз ету – облыс басшылығы алдында тұрған басты міндеттердің бірі.

Жеті көп орынды, он шағын автобус. Бүгін осы көліктер 15 аудандық білім бөліміне бөлініп берілді. Әрине, әр мекенде тасымалданатын бала санының ескерілгені анық. Мысалы, Қостанай ауданында 313 бала қатынап оқиды. Олардың жартысына жуығы іргедегі ауылдардан жеткізіледі.  

Маржан Салмағанбетова, Қостанай аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Қостанай ауданында 13 ауылды мекенді жерлерден балалар тасымалданады. Бұрыңғы алынған көліктердің тозығы жетіп, істен шыққалы тұр еді. Мінеки, біз бүгінгі таңда екі автокөлік алайын деп жатырмыз. Оған өте қуаныштымыз.

Ал шалғайдағы Жанкелдин ауданының Көлқамыс ауылынан Албарбөгет мектебіне тасымалдау үшін Газел көлігі бірілді. Облыс бойынша екі жарым мыңнан астам бала күнделікті мектепке көлікпен жеткізіледі. Төрт жүздей оқушы аптасына бір рет тасымалданады. Міне, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептердің автопаркін жаңартуға қазір маңыз беріліп отыр. Мысалы, былтыр 13 жаңа автобус сатып алынса, биыл олардың қатары 17-ге толықты.  

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатыр. Оған ағымдағы жылы 2 млрд 400 мың тенге бөлінді. Сол арқылы біз 35 стэм лаборатория,зертханалар, арнайы пәндерге арналған кабинеттерді сатып алып, бірінші қыркүйекке дейін барлығын мектептерге жекіземіз.  

Облыста биыл 3 мың 40 орындық 7 мектептің құрылысы басталады. Одан бөлек, 46 білім беру нысанын жергілікті бюджет есебінен жөндеуден өткізбек.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг