Герман Греф пен Айдын Рахимбаев меморандумға қол қойды

Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Ресей, Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі қаржылық ұйым – «Сбербанк» және Қазақстанның жетекші құрылыс холдингі BI Group ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Герман Греф пен Айдын Рахымбаев өзара тиімді серіктестікті дамытып, Қазақстан мен Ресей аумағында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті.

Қазақстанның ең ірі инновациялық құрылыс холдингі BI Group және Ресейдің жетекші қаржылық ұйымы – «Сбербанк» денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы нысандарды мемлекет пен жекеменшік секторы арасындағы әріптестік негізінде қаржыландыруға келісті. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан қаласында техникалық жабдықталуы халықаралық стандарттарға сай алғашқы инновациялық мектептер салынып жатыр.

Айдын Рахимбаев, BI Group директорлар кеңесінің төрағасы:

- «Сбербанк» халықаралық мекеме болғандықтан, мол тәжірибесі бар. Оны қолданып, Қазақстанда алғаш болып бірқатар жобаны жүзеге асырып келеміз. Мысалы алты мектеп салып жатырмыз. Әріптестігіміздің арқасында биылғы жылдың бірінші қыркүйегінде алғашқы мектеп ашылатынын айтқым келеді. 

Қос тарап, сондай-ақ BI Group-тың биыл күзде Мәскеу биржасына шығу жоспарын талқыға салды. Девелопер ресей биржасындағы Қазақстанның тұңғыш коммерциялық эмитенті болмақ.

Тимур Козинцев, «Сбербанктің» аға вице-президенті:

- Мемлекет пен жекеменшік секторы арасындағы әріптестік негізінде әлеуметтік және ағартушылық бағдарламаларды іске асырумен қатар BI Group холдингке қарыз құралдарының нарығына шығуына көмектесуге ниеттіміз. Қадірлі әріптесімізді Мәскеу биржасына шығару мүмкіндігін қарастырып, мұны осы жылдың аяғына дейін жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

«Сбербанк» және BI Group бірлескен жобаларды жүзеге асыру аясында халықаралық даму институттарымен ынтымақтастығын нығайтуға келісті.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров