Еліміздегі мемлекеттік мекемелерге ілінетін рәміздердің 80% Қарағандыда шығарылады

Қазақстандағы мемлекеттік мекемелердің маңдайында тұратын рәміздердің 80 проценті Қарағандыда шығарылады. Аталған кәсіпорын биылдан бастап ту мен елтаңбаны және әнұран мәтінін басып шығару үшін нанотехнология қолданбақ. Бұл ел рәміздерінің пайдалану мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.

Бұл кәсіпорында 90-ға жуық адам қызмет етеді. Олардың әрбірін «ел патриоты» деп атауға негіз бар.

Себебі олардың айтуынша, ісіңе деген адалдық болмаса, басып шығара бергеннен түк өнбейді. Бұл жұмыста тиянақтылық, төзім және еліңнің рәміздеріне деген махаббат керек.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Мемлекеттік рәміздерді жасайтын кәсіпорындағы мына бөлме шығармашылық бөлмесі. Осында отырған 5 суретші әрбір елтаңбадағы көгілдір өң мен «Қазақстан» деген жазудың астындағы қоңыр өңді қолмен бояп шығады. Бір суретші бір елтаңбаға шамамен бір сағат уақыт кетіреді. Ал қолы қалып алып алғандар бір күнде он елтаңбаны жасап шығаруға қауқарлы.

Ғазиза Жағыпарованың бұл қызметте жүргеніне 14 жыл болған. Осы уақыт аралығында мекемелер маңдайшасында стандартқа сай келмейтін немесе қатемен тұрған рәміздерді алыстан танитын күйге жеткен.

Ғазиза Жағыпарова, суретші:

- Жәй өтпейсің, кез келген жерді қарап өтесің, түрлеріне, айырмашылығына, көп мекемелер әлі өзгертпепті. Соны өзгертсе деп ойлаймыз. «Қазақстан» қазір латынмен жазылады. Бұрынғы кириллицамен қалғандар бар.

Кәсіпорын жұмысын бірқатар тексеруші орган тарапы жіті бақылауда ұстайды. Себебі мемлекеттік рәміздерде стандарттық талап қатаң сақталуы тиіс. Бұл өнімде әр сантиметрді қойып, миллиметрдің өзі маңызды.

Валерий Токупов, кәсіпорынның бас директоры:

- Қазір елтаңбаның төзімділік мерзімін ұзарту мақсатында біз нанотехнология пайдаланбақпыз. Рәміздер барлық мекеме маңдайшасында тұрғандықтан олардың тозығы тез жететін. Бұрын біз елтаңбаға 3 жыл кепілдік берсек, енді  оны 5 жылға дейін ұзартамыз. Ту матадан жасалғандықтан оның кепілдік мерзімі аздау болады.

Мамандардың сөзінше, кәсіпорында айына 1 мың елтаңба, 3 мыңға жуық ту тігіледі. Бұл сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Себебі өткен жылы ел Президентінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік туды жекелеген азаматтардың пайдалану тәртібіне үкімет тарапынан өзгерістер енгізілген болатын.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев