Алдағы 10 жылда қандай мамандықтар жойылады

Алдағы 10 жылда есепшілер, кран, трактор жүргізушісі сынды мамандықтар жойылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір нарық талаптары өзгерген.

Ал жаңадан пайда болатын түрлері ақпараттық технологиямен тікелей байланысты болмақ. Тіпті дәнекерлеуші, агротехник, медицина қызметкері IT біліктілікті меңгермесе, өз ісін алға бастыруы қиындайды.

Бұл – елордадағы байырғы оқу орындарының бірі. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері құрылыс саласына қажетті маман даярлап келеді. Кейінгі жылдары білім алушылар саны артпаса, кеміген емес. Себебі жастар жұмысшы мамандықтарға қайта қызыға бастаған. Соның бірі – елордалық Мұхаммед Қабылдин. Биыл мектепті бітіре сала, құрылыс колледжіне келіп, дәнекерлеуші мамандығына құжат тапсырды.

Мұхаммед Қабылдин, талапкер:

– Сантехника саласын да меңгергім келеді. Бірақ алдымен осы дәнекерлеу ісін үйренгенім жөн. Бұл оқу орнында қажетті құрал-жабдық, теориялық әрі практикалық процесс бәрі қарастырылған. Әкем бұл шешімімді қолдады. Анам да қарсы емес. Енді келешекте осы бағытта жұмыс істеп, табыс тапқым келеді.

Анығында біздің елде жұмысшы мамандықтар тегін оқытылады. Бір ғана елорданың өзінде осындай 20-ға жуық колледж бар. Соңғы жылдары елдің білім беру саласына академиялық еркіндік жүйесі енгізілді. Бұл дегеніміз, университеттердің нарықты зерттеп, сұранысқа сай кадр даярлауына мүмкіндік береді.

Бану Нарбекова, ҚР Білім және ғылым министрлігі департаменті директорының орынбасары:

– Бүгінгі күні нарықтың талабына сәйкес, университеттердің тез бейімделуіне байланысты еркіндік беріп отырмыз. Жоғары оқу орындарында коммерциялық емес, АҚ ретінде қайта құрылып отыр.

Биыл жұмысшы мамандықтарға, яки құрылыс-техника саласына мемлекеттік гранттар тағы көп бөлінеді. Шамамен 30 проценттен астамы осы салаға бағытталады дейді Білім және ғылым министрлігінің өкілдері. Әдеттегідей, тау-кен, мұнай-газ ісіне жаңа кадрлар қажет. Бұл тізімге денсаулық сақтау саласын да қосыңыз. Себебі пандемия әлем бойынша бір ғана эпидемиолог мамандардың тапшылығын көрсетті. 

Саясат Нұрбек, «Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы» жобасының үйлестірушісі:

– Келесі 10 жылдықта 5 сала басым бағыт саналады. Ең бірінші – ақпараттық қауіпсіздік сала. Екінші – медицина. Әсіресе, эпидемиология. Дүние жүзінде осындай мамандардың 1 жарым млн тапшылығы бар.

Мамандардың бұлай топшылауына бірнеше себеп бар. Алғашқысы – пандемия дедік. Ал екіншісі – заманауи ақпараттық технологиялардың дамуы. Енді медицина саласында IT біліктілік те қоса берілетін болды.

Баян Нарбекова, ҚР білім және ғылым министрлігі департаменті директорының орынбасары:

– Айтимедик, ақпараттық бағдарламаларды қолданатын медицина саласындағы мамандар, айтигенетик, сонымен қатар агроинженер, экология мәселесі, айтиинженер, құрылыс саласында да ақпараттық құралдарды кеңінен қолдана отырып, пәнаралық бағдарламаларды қолдану әзірлеу кеңінен орын алып отыр. Техникалық, құрылыс, денсаулық саласы, білім беру саласы да басым бағыттарға ие. 

Көзіқарақты көрермен мен газет сүйер қауымға күнделікті ақпарат ұсынатын журналистер де заман дағдысына сай болуы қажет. Енді бұқаралық ақпарат құралдары саласының білгірі атану әсте оңай болмайды. Бұл мамандық алу қиындай түседі деген сөз емес. Тек университеттерде білім беру бағдарламалары өзгереді. Академиялық еркіндік бойынша кей білім ордалары болашақ журналистке, экономика, қаржы және заң саласы бойынша да дәріс береді.

Ерболат Мұхамеджан, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Біздің шешейік деп отырған мәселеміз – мүмкіндігінше зерттеу жағын қарастырамыз. Яғни мемлекеттік сатып алу деген бар. Осыларды зерттейтін журналистер дайындауға тырысамыз.

Айта кетейік, биыл іске қосылған «Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы» жобасының жетекшілері жойылып бара жатқан кәсіп түрлерін де атады. Бульдозер, трактор, тіпті кран жүргізу де келешекте роботтың қолынан келетін шаруа болмақ. Сондықтан түбегейлі жойылып кетуі мүмкін дейді сарапшылар. Оның орнына ұшқышсыз басқарылатын аппараттарының операторы, кибер қорғаушы, кванттық компьютерді талдаушы сынды мамандық түрлері пайда болады. Тіпті кейіпкеріміз Мұхаммед Қабылдин таңдап отырған дәнекерлеуші кәсібі де өзгеріске ұшырайды. Бұл істі роботтар атқарып, ал адамдар қашықтан басқарып, бақылайтын болады.

Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев