Дарынды күйші, ұстаз Бекзат Мұстафаев көмекке зәру

Өнер иесі 7 жылдан бері аурумен алысып келеді. Қазір күйшінің туған-туыстары оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Жора-жолдастары да атсалысады. Өзі де қол қусырып отырған жоқ. Достарымен бірге Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында қайырымдылық концерт берді. Іс-шарадан түскен қаржы ем-домға жұмсалады.

Қаршадайынан қазақтың қара домбырасын құшағына басып өскен Бекзат Мұстафаев ес білгелі күй өнерінің қыр-сырын жетік меңгеріп талабы мен талантының арқасында қатарының алды болды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған соң шәкірт тәрбиелеуге шындап кіріседі. Ондағы мақсаты, қазақ күй өнері қарлығаштарының қанатын қатайтып биікке самғату еді. Алайда жеті жыл бұрын жабысқан кесел Бекзаттың барлық жоспарына кедергісін келтірді. Қос бүйрегі сыр берсе де жігерлі жігіт ауыр науқаспен арпалысып келеді.

Бекзат Мұстафаев, күйші, ұстаз:

- Осы дертімнен құлан таза айығып шығып кетуіме көмектесіп жатқан қайырымды жандарға, тілекші жандарға, күллі қазақ еліне шексіз алғысымды айтамын. Алла бұйыртып, операциям сәтті өтіп осы науқасымнан аман-есен жазылып шықсам өзімнің сүйікті мамандығым ұстаздық жолда қызмет еткім келеді. Шәкірттеріме домбыра сабағынан дәріс бере отырып, ұлттық дәстүрлі өнерімізді дамытуға, көркейтуге үлесімді қосқым келеді.

Бекзаттың қайырымдылық концерті «Мен сені сүйемін, өмір» деген атпен өтті. Бұл шараға министрлік пен Жамбыл атындағы филармония ұжымы, сондай-ақ «Отырар сазы» оркестрі қолдау көрсетті. Қайырымдылық кешінде Бекзаттың өзі де, өнердегі жора-жолдастары және шәкірттері де өнерлерін көрсетті.

Әбіш Әділбеков, жыршы-термеші:

- Денсаулығы өте нашар. Екі бүйрегі мүлде істемейді. Онысына қарамай өмір үшін күресіп, қаншама жақсы игі істер жасап жатыр. Енді бұдан алар биік әлі алда. Қазақ өнері үшін жасап жатыр. Сондықтан біз Бекзатты сақтауымыз керек. Бекзатты сақтасақ, қазақ өнеріне ары қарай үлес қоса береді.

Бекзаттың ұстаздық жалақысы күрделі операцияға жетпейді. Беларусьқа барып, бүйрек трансплантациясын жасату үшін 28 миллион теңге қаражат қажет екен. Қазір қайырымдылық шараларының нәтижесінде 20 миллион теңге жиналыпты. Бекзаттың туған-туыстары тағы да көмек беретін қайырымды жандардың табыларына сенімді. Өйткені күйші-ұстаздың қазақ өнеріне және қазақ жастарына әлі де берері мол! 

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов