Қызылорда облысында егінге су кесте бойынша беріледі

Шардара су қоймасына 2 жарым миллиард текше метр су жиналмаса, Сырдың төменгі ағысындағы шаруаларға қиын болайын деп тұр. Осы себепті экология министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп суды көп қажет ететін дақылды аз егуді ұсынған еді. Сондай-ақ жергілікті билікке егінге су берудің арнайы кестесін жасауды тапсырған.

Сырдарияның табаны көрініп жатқанына да көп болды. Дегенмен, азық-түлік қауіпсіздігі үшін аз суды тиімді пайдаланып, егін егіп, өнім алу керек. Осы ретте аймақта бірқатар тың әдістер қолға алынды.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші: 

- Арық та, атыз да, суармалы су да жоқ. Бірақ Қаратаудың етегіндегі 600 гектар алқапта мынадай мақсары жайқалып өсіп тұр. Мұның бар сыры – аквагель технологиясында, дейді мамандар. 

Тау бетке қар мол түседі. Күзде жерді аударып тастап, ерте көктемде аквагель ұтағымен бірге мақсары тұқымын сеуіп шыққан. Тек жаңбырдың нәрімен өсіп жатыр. Міне жаздың алғашқы күнінен-ақ шығымын жақсы деп бағалап отыр мамандар. Өткен жылы осы әдіспен бидай да еккен.

Ғалымжан Орынбасаров, агроном:

- Бір фракциясы ылғал тиген кезде 400 есе көбейеді. Бидаймен бірге жердің астында жатқан кезде жауын-шашыннан ылғал тисе губка құсап осындай ыстық кезде ылғалды беріп тұрады.

Тау беткейдегі шаруалар егінді күйдірмеу үшін осындай әдісті пайдаланып жатса, Сырдарияның төменгі ағысындағы аудандар сол жаға магистральды каналындағы суды кезекпен пайдалануға көшті.

Жорабек Ерназаров, «Қазсушар» РМК Филиалы директорының орынбасары:

- Бес күн бойы біз Қызылорда қаласындағы орналасқан каналдарды жабамыз да Сырдария ауданына береміз, келесі 5 күндікте Сырдария ауданының каналдарын жаба тұрып, Жалағаш ауданына береміз. Келесі 5 күндікте Жалағаш ауданының каналдарын жаба тұрып, Қармақшы ауданына береміз. Сөйтіп, ауыспалы кесте жасап жатырмыз қазір. Өйткені судың қатты тапшылығы.

Айта кетейік, өңірде 182 мың гектар егіндік жер болса, соның 67 мың гектары осы сол жаға магистральды су арнасы арқылы нәр алады. Биыл су тапшылығы байланысты өңірдегі күріш көлемі 5 мың гектарға қысқарып, оның орнына суды аз қажет ететін мақсары, бидай, жүгері дақылы егілген. 

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов