Павлодар облысының Успен ауданында 60 шақырым жол жөнделді

Жарты ғасыр бойы жол азабын тартқан тұрғындар енді облыс орталығына қиналмай жетеді. Жергілікті билік бұған да тоқмейілсіп отырған жоқ. Тағы 4 жолды тақтайдай етіп тегістемек.

Рождественка-Павловка жолы көрші Ресейге тікелей апаратын күре жол. Ол жеті елді мекенді облыс орталығымен жалғайды. Тұрғындар қалаға жету үшін енді ауданды айналмай, төте жолмен тіке шығатын болдық деп қуанды. Себебі жол қысқарып, уақыт үнемделеді.

Мәдениет Сүлейменов, Қоңырөзек ауылының тұрғыны:

- Көп жылдардан бері бұл жолмен жүру мүмкін емес болды. Көптен бері бұл жерде мынадай асфальт болмаған. Мұнда жай жабынды болды. Жеңіл көлікпен жүру мүмкін емес болатын.

Григорий Стрижак, Қоңырөзек ауылының тұрғыны:

- Фермерлік шаруашылықтар астық, жем-шөп тасымалдайды. Ауылға азық-түлік жеткізіледі. Менің ойымша, біз үшін кейбір азық-түлік түрлері арзандайды. Себебі жанармай мен жолға кеткен материалдық шығын үшін қаржы төлейтінбіз.

Жол қадірін жүрген білер деген. Григорий Стрежак жаңа жол экономикалық жағынан ғана емес, әлеуметтік тұрғысынан да тиімді екенін айтады. Әсіресе жедел жәрдем көлігі тез жететін болған.

Николай Дычко, Успен ауданының әкімі:

- Біз алдағы үш жылда аудан жолдарын жаңартуды 100 процентке жеткіземіз. Ауыл ішіндегі жолдар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жөнделеді. Жаңа жобамен кіреміз және ауыл жолдарын толық ретке келтіреміз.

Дәл осындай жұмыстар Луганск – Константиновка, Богатырь-Қаратай ауылдарында жүріп жатыр. Жоспарға сай жұмыс айдың аяғына дейін аяқталуы тиіс.

Роман Галиев, мердігер компания өкілі:

- Маусымның аяғына дейін жұмысты аяқтаймыз. Қазір жолдың жиектерін жөндеу жұмыстары қалды. Жол жаңа технология бойынша салынды.

Успен ауданының әкімі Николай Дычконың айтуынша жуық болашақта аудандық маңызы бар тағы 4 жолдың құрылысы басталады. Қазір тиісті құжаттары әзірлену үстінде.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат