14 маусым – Дүниежүзілік қан донорлары күні

фото: soyuzmash.ru

Ақтөбелік Игорь Легужа жылына 20-ға жуық жанды ажалдан құтқарып қалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарапайым кәсіпкер студенттік шағынан қан тапсыруды әдетке айналдырған. Айта кету керек, облыстағы медициналық мекемелерде қанның құрамдас бөлігіне сұраныс биыл 70%-ке артқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоспарлы операциялар санының әлдеқайда көбеюімен байланысты.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Игорь Легужаның қаны сирек кездесетін IV топтан. Сондықтан мұндай донорларға облыстық қан орталығы әрдайым мұқтаж. Алғашында жолдасының дертке шалдыққан анасына көмекке келген жан артынша қан тапсыруды азаматтық парызым деп шешкен. Сондықтан ақтөбелік донор медициналық мекемеге жылына он шақты рет бас сұғып тұрады.

Игорь Легужа, донор:

- Қан орталығы мамандары кей кезде аяқ астынан шақырып алады. Жүкті әйелге немесе ауыр дертке шалдыққан жандарға операция кезінде қажет боп жатады. Ондай уақытта бірден жетуге тырысамын. Бас тартуға болмайды. Егер менің қаным біреудің өмірін сақтап қалса, маған одан өткен сый жоқ.

Былтыр жоспарлы операциялардың азаюына байланысты қанның құрамдас бөліміне сұраныс төмендеген. Сәйкесінше, донорлар да сирек бас сұғатын болды. Алайда жыл басынан Ақтөбедегі қан орталығы 3800 адамнан эритроцит пен плазма алған. Бұл әзірге өңірдегі ауруханаларды қамтамасыз етуге жеткілікті. Күніне шамамен 50 құтысын емдеу орындарына жөнелтіп отырады.

Гүлнәр Неталина, облыстық қан орталығының директоры:

- Ірі кәсіпорын жұмысшыларынан қан алу бізге өте тиімді. Себебі әр донордың денсаулығын бақылап, әрдайым тексеріп отыруға болады. Дер кезінде қажетті азаматты жұмыс орнынан табуға болады. Бұл қауіпсіздікті қамтамассыз ету үшін қажет. Зертханалық бақылауды да оңтайландырады.

Дегенмен, қан орталығы еріктілерге де мұқтаж. Себебі қорды тұрақты түрде толтырып тұру қажет. Бұл орайда волонтерлердің күнделікті атқарып жүрген қызметін атап өту керек. Орталық тұрғындар арасында ақпарат тарату бойынша жастармен бәрлесе жұмыс атқарып жатыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков