Таразда денсаулық саябағы ашылды

Жаңа саябақ облыс әкімінің идеясымен «Таразға тарту» акциясы аясында жүзеге асты.

Мұнда тұрғындардың белсенді демалуына жағдай жасалған. Воркаут, үстел теннисі, футбол, баскетбол сияқты спорт алаңшалары бар. Бұл дәрігерлердің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тұрғындарға жасаған тартуы.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

– Мына жерде әрі өтетін көпірлер болады. Одан кейін жүретін болады. Жаяу, велосипедпен жүретін. Әрі қарай анау басына дейін жеткіземіз. Мына жерде күнде кешке жақын балалар ойнасын, өздеріңіз әрі-бері жүресіздер.

Кешенді демалыс орны қаланың халық тығыз орналасқан бірнеше ықшам ауданның қақ ортасында тұр. Мұнда сәбилерден бастап, жастар мен қариялардың серуендеуіне мүмкіндік бар.

Шынжыркүл Қосшыбаева, қала тұрғыны:

– Иесіз, ешкімнің қарауынсыз қалған жер болған. Ана жерде скамейкаларымыз құлап жататын. Оның бәрін айта берсек толып жатыр. Балаларымызға тегі рахат болды. Немере, шөберелерімізге. Осы жерде ойнайтын жер жоқ шауып жүруші еді.

Дәл осы саябақта пандемия кезінде індетпен күресіп, күндіз-түні аянбай еңбек еткен медицина қызметкерлеріне арнап ескерткіш қойылды. Сондай-ақ, бұл жерде салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында тұрақты түрде спорттық шаралар ұйымдастырмақ.

Әсет Қалиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Әулиеата жеріне үлесімізді қосайық деген бастамамен шықтық. Мамыр айында бастағанбыз. Міне, бүгін бітірдік. Тараз қаласының тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, нығайтуға өзінің септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Саябақтың ашылу салтанаты кезінде 100-ге тарта медицина қызметкері марапатталып, оларға құрмет көрсетілді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан