Қызылордада егде жастағы еріктілер қатары артып келеді

Қызылордада жасы 50-ден асқан еріктілердің «Күміс волонтерлер» тобы бар. Олардың қатары күн санап артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Топ мүшелері жастарға жол сілтеп, ақыл-кеңесін айтып отырады.

«Жақсылық жасаудың ерте-кеші жоқ. Қолыңнан келмесе де, кеңес беріп көмектес»,– дейді алпысты алқымдаған Гүлжахан Мырзағалиева. Зейнеткер біраз жылдан бері шала туған нәрестелерге жылы киім тоқумен айналысады. Жас аналарға бала күтімі жайында ақылын аямайды әрі тоқымасын тегін үлестіреді.

Гүлжаһан Мырзағалиева, волонтер:

– Көпбалалы аналар, сол заттарды сатып ала алмайтын аналар болады. Қолымыздан жасалған, тоқылған дүниелермен көмектесіп отырмыз. Қоғамға кішкентай болса да, өз көмегімізді тигізу. Біздің де жұмыстарымыз бар, немерелерімізді қараймыз. Соның ортасында жүректегі иман, қайырымдылықты жұртқа көрсетеміз.

«Волонтерлік қозғалыс – өмірлік дағдымызға айналды. Саябақта таңғы жаттығу ұйымдастыру, ағаш егу, тіпті хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу секілді игі істер бізді еріксіз біріктірді»,– дейді Гүлмира Мұхамбеталина.

Гүлмира Мұхамбеталина, «Күміс волонтерлер» жобасының үйлестірушісі:

– Қайырымды болу – жас-кәріні талғамайтын қасиет. Тек экология, мәдениет, салауаттылық немесе ұлтжандылық секілді жаныңа жақын, қолыңнан келетін бағыттарды таңдап алсаң болғаны. Менімен қатар құрдастарымның көбісі ұялады. Өз немерелерін бағып, еріктілердің жұмысын бос сергелдең деп қабылдайды. Біз оларды мәдени-көпшілік шараларға шақырып, бағыт-бағдар, ізгі ниетімізді түсіндіреміз.

Ольга Чебакова, «Қызылорда еріктілері» ҚҚ Атқарушы директоры

50-ден асқан кез-келген адам онлайн сауалнама толтырып, біздің базаға тіркеледі. Алдыңғы толқынның өмірлік бай тәжірибесі, дәстүр-мәдениет, тарихымызды өскелең ұрпаққа үйрете алатын біліктілігі өте қажет. Сондықтан жастар мен үлкен кісілердің ілкімді іске бірге жұмылғанынан ұтарымыз көп.

Бүгінде ел аумағында егде еріктілер тобы 70 адамға жетіп қалды. Солардың ішінде белсенділігі жоғары қызылордалық қозғалыс мүшелері жыл соңына дейін 50 шақты шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев