Шымкентте дизель отынының тапшылығы туындады

Шымкентте дизель отыны тапшы. Жүк көліктерінің жүргізушілері сағаттап кезекте тұр.

Жол бойында ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Жүргізушілердің айтуынша, дизель қаланың тек екі жерінде талонсыз сатылып жатыр. Оның өзінде бір автокөлікке 100 литрден артық берілмейді. Тез бұзылатын тауар тиегендер еңбегіміз еш кететін болды деп алаңдаулы. Ал Энергетика министрлігі Шымкент мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары аяқталып, қалыпты жұмысқа көшкен. Алайда оңтүстік өңірде дизель тапшылығы әлі жойылған жоқ.

Исламбек Жалғасбаев, қала тұрғыны:

- Жағдай қатты қиын болып жатыр. Мына жерде тек 100 литр беріп жатыр. Бізге Жетісайға бару керек. Алматыға бару керек. Тек Шымкентте осы жерде беріп жатыр. Қалған жердің бәрі талон деп жатыр. Сатпайды. Қаланың ішінде бір жерде 190 теңге деп жазылып тұр. Былай беріп жатыр, 230 теңгеден сатып жатыр. Не деген сұмдық ол. Жолда жүргендерге олай істеуге болмайды ғой.

Әзиз Саттаров, қала тұрғыны:

- Тағы да кезекте тұрмын. Кеше 6 сағаттан астам уақыт өз кезегімді күтіп әрең құйдым. Жанар-жағармай бекеттеріне жете алмай жол бойында және автокөлік тұрақтарында көптеген жүк көліктері тұр. Олар таксимен жүріп, дизель отынын сұрап жүр. Өтініш айтып кем дегенде 40 литр беріңдерші деп жүр.