Алматы облысында таудағы мұздық көлдер ери бастады

Жетісу Алатауында 400-ден астам мұздық көл бар. Соның бесеуі маусым, шілде айында тасып, өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Қауіптің алдын алу үшін Алматы облыстық Төтенше жағдай департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары тікұшақпен аймақты шолып, аэровизуалды барлау жұмыстарын жүргізді.

Жаздың аптап ыстығында мұздықтардың еруінен Қаратал, Көксу, Өсек, Қорғас өзендері тасуы мүмкін. Сол себепті сала жауаптылары ағын сулардың басындағы көлдерді әуеден бақылады.

Шыңғыс Қалиден, тілші: 

- Ми-173 ұшағы 3200 метр абсолютті биіктікте ұшып бара жатыр. Қазір мамандар Панфилов ауданының аумағындағы тау сілемдерін әуеден барлау жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс тобының негізгі мақсаты Қора өзені бастау алатын көлге бару. Өйткені ол осы өңірдегі ең үлкен көлдердің қатарына жатады.

Құзар шыңның етегіндегі Қақпақ көліне 2 млн текше метр су жиналады. Тікұшақ жағалауға қонған соң мамандар суағар жүйесін тексерді. Нәтижесінде алты құбырдың төртеуі көктемгі тасқында істен шыққаны анықталды. Енді олар қайта қалпына келтірілмек.

Мейрам Нұрұмбетов, «Қазселденқорғау» ММ «Жетісу Алатауы» аймақтық филиалының басшысы: 

- Ертеңнен бастап моренный көлдерде қарапайым жұмыстар жүргізіледі. Сарқан өзенінің жоғарғы жағы, Қорғас өзенінің жоғарғы жағы, Ақсу және Бүйен өзенінің жоғарғы жағындағы моренный көлдерге cифон орнатылады, эвакуационный каналдың жан-жағын тазалап, дайындап келген қардың еріген суы соған түсу керек. Бірақ ешқандай қауіп төндірмеу керек.  

Алматы облысының аумағындағы Жетісу және Іле Алатауында 685 мұздық көл бар. Солардың барлығы тексеріліп, қазіргі жағдайы бағамдалды.

Мұрат Сыдықов, Алматы облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Алматы облысында 243 сел жүруі мүмкін деген аймақ анықталған. Сәуір айынан бері «Қазселденқорғау» мекемесінің өкілдерімен бірге аэровизуалды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұздық көлдерде бақылауда. Ондағы жағдай тұрақты еш қауіп төндірмейді. 

Жыл сайын өңірдегі Есік, Түрген, Талғар, Қаскелең, Сарқан, Бүйен, Ақсу, Өсек, Қорғас өзендерінің басындағы мұздық көлдерге су толады. Соған сәйкес мамандар биыл да таудағы тіршілік нәрін ағызып, қауіпті сейілту жұмыстарын жүргізбек. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов