БҚО-да өзен деңгейінің төмендеуі аймақтың ауыл шаруашылығына кері әсер етті

Батыс Қазақстан облысында үлкен өзендердің деңгейі күрт төмендеуі аймақтың тұтас ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізіп отыр. Қазір бөгеттердің көбі жарамсыз. Мәселен, мал азығын дайындауда көші ілгері жүретін Сырым ауданында да шаруалар тіршілік нәрінен тарыға бастады. 

Сырым ауданында соңғы жылдары су тапшылығы едәуір байқалады. Гидронысандардың көбі таяз, ал енді бірі тіптен құрғап кеткен. Шаруалар малын өзендерден суарып отыр. Алайда олардың да арнасы төмендеп барады.

Қайыржан Таженов, Бұлан ауылының тұрғыны:

- Бала кезден осы ауылда тұрамын. Көрдік бәрін, бөгеттер болды. 2-3 бөгет. Ол кезде енді су да мол болды ма, әйтеуір болды енді. Қазір енді су тоқтады ғой ағыс енді. 

Қайырбек Мырзағалиев, шаруа қожалығының жетекшісі: 

- Үйдің айналасының бәрі бөгет қой. Су шамалы. Осыдан 3 жыл бұрын жақсы толды бөгет. Үш жылдан кейін төмендеп кетті қатты. Биыл жақсы су келіп еді, бір айдан кейін қайтып судың бәрі кетіп қалды. Оның негізгі проблемасы Шалқар көлінің тартылуы деп ойлаймыз.

Заур Марксов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Су енді біздің жақта құдықтан шығады. 28 метрден шығады. Бар ғой көлшіктер құйттай. Бірақ тартылып кетті ғой бәрі. 

Бес жыл бұрын Шолақаңқаты өзенінің бойына ағысты бөгейтін қақпа орнатылды. Нәтижесінде 6 млн текше метрге дейін су ұстап қалу мүмкіндігі туды. Тоғанас пен Аңқаты ауылындағы шаруалар мен 15 шақты агроқұрылым дәл осы гидронысанды пайдаланып отыр.

Ерлан Журалиев, Шолақаңқаты ауылдық окргугінің әкімі:

- Мемлекеттің қолдауымен бюджет қаражаты бөлініп, осындай қайта қалпына келтірді. 103 млн теңге қаражат бөлінді. Ауыл тұрғындары осы суды пайдаланып отыр. Малдарын суарады, кейбіреулері аулаларына, бақшаларына тартып отыр насостармен.

Ал өзге бөгеттер мен көлтабандардан айтарлықтай қайыр болмай тұр. Аудандағы лимандардың жалпы көлемі 30 мың гектарды құрайды. Әйткенмен кәдеге жарап тұрғаны саусақпен санарлық.

Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының әкімі:

- Көлтабандарға су шықпай отыр. Ол енді бізде Қособа ауылдық округі, Бұлан ауылдық округі, Бұлдырты, Жетікөл ауылдық округтеріндегі көлтабандары. Ауданда әрине бөгет көп. Ол бөгеттердің көбі бүгінгі таңда жарамсыз қалпында. Енді болашақта жоспарымыз бар ол бөгеттердің бәрін қалпына келтіру. Ол кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Су жылдан жылға азайып бара жатыр. Келмейтін болса бұл да үлкен мәселе болып тұр.

Ауданда жайылымдарды суландыруға және құдық қазып, күн батареяларын орнату бағытында күні бүгінге дейін 150-ден астам шаруаға қаржылай қолдау көрсетілген. Дегенмен, гидронысандар түгілі өзен суының азайып кетуі фермерлерді қатты алаңдатып отыр. «Экологиялық мәселе шешімін таппаса, алдағы онжылдықтың өзін елестету қорқынышты» дейді олар.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов