Президенттік жастар кадрлық резерві: Үміткерлер қазақ тілін білуге міндетті

Енді Президенттік жастар кадрлық резервіне өткісі келетіндер қазақ тілін білуі  міндетті.

Жобаны ұйымдастырушылар осындай талап қойып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бастаманың басты мақсаты мемлекеттік билік жүйесінде білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру болатын.

Еңбек жолын қарапайым қызметшіден бастаған Айдар Нұрәлиев бүгінде бүтін бір облыстың қаржы саласына жауапты. Болашақ бағдарламасының түлегі осыдан бір жарым жыл бұрын Президенттік кадрлық резерв жобасында бағын сынады. Он үш мың үміткердің арасынан білігі мен білімінің арқасында озып шықты. Ал қазір Батыс Қазақстанда  облыс әкімінің орынбасары. Бұған дейін Президент әкімшілігі мен министрлікте қызмет атқарған тәжірибелі маман осылайша туып өскен өлкесінің әлеуетін көтеруге атсалысып жүр.

Айдар Нұрәлиев, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

– Біз осы жылы республикалық бюджеттен біраз трансферттерді облысқа әкелдік. Облыстың кірістері де ұлғайды. Сонымен қатар, қаржы игеру мәселесін де жүйеге қойдық. Біз биыл облыс әкімінің қолдауымен жаңа 5 жылдықтың бастамасын бекітіп отырмыз. Осы бастама қазір орталық  мемлекеттік органдарда қаралуда. Үкіметтен қолдау болса, бұл енді облыстың экономикасына үлкен ықпал ететін документ  болады.

Сыннан сүрінбей өткен Талант Омарбеков те бар білімін ел игіліне арнаған. Тек мемлекеттік қызметті емес, жеке секторды таңдапты. Резервке өткеннен кейін түрлі министрліктер мен әкімдіктерде лауазымды орындар ұсынылды. Алайда көбіне білігім жетпей, бас тартуға тура келді дейді ол. Себебі Кадрлық резервке іріктелгендер алдымен басшы болуды емес, қоғамға барынша пайда тигізуді ойлаған

Талант Омарбеков, жеке компания директорының м.а.:

– Қазір өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік жұмыстардың бәрі жеке салаға беріліп жатыр. Өйткені жеке салада бәсекелестік болғаннан кейін, тезірек дамиды. Интернет жүйесін тарту қазіргі жағдайда ең керек істердің бірі деп ойлаймын. Барлық елді мекенге тарату қиын, кей жерлерге интернет жүйесі өтеді, кей жерлерге өтпейді, сол себепті жаңа технологияларды қарастырып жатырмыз.

Президенттік жастар Кадрлық резерві 2019 жылдың күзінде мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынды. Оны өткізу Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелген. Дәл осы құрылым берген ақпаратқа сүйенсек, алғашқы легтегі сайдың тасындай іріктелген 300 маманның бүгінде 181-і ғана жұмысқа орналасқан. Олардың 92-і орталық мемлекеттік органдарға, 40-ы жергілікті атқарушы билікке, 30-ы ұлттық компанияларға, 19-ы жеке секторға жіберілді.

Сондай-ақ саяси қызметке 17 жас маман араласты. «А» корпусындағы лауазымға бесеуі алынса, тағы екеуі Мәжіліс депутаты, біреуі облыстық мәслихатқа мүшелікке өткен. Ел мүддесі үшін тер төгуге дайын жастарға жол ашатын жоба биыл да жалғасады. Бірқатар өзгерістер болады, дейді мамандар. Соның бірі, енді 300 емес, небәрі 50 адам ғана іріктеледі.

Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттінің төрағасы:

Офлайн форматта кездесеміз. Әр қайсының құндылықтарын, не себепті  осы резервке түскісі келетінін, болашақта қандай идеялары бар екенін, ең бастысы осы жолы біз қазақ тілін біле ме, білмей ме, осы жолы сол критерийді қоямыз. Осы жол біз 50 адам ғана жинаймыз. Өйткені қазір резервте тұрғандарды жұмысқа орналастыру керек.

Демек, енді қазақ тілін жетік білгендерінің ғана бәсі биік болмақ. Тағы бір жаңалық, бұдан былай резервке өткендер жаңа қызметті бақандай 5 жыл ішінде емес, 3 жылда тізгіндеп кете береді. Елдің саяси жүйесіне жаңа леп әкелетін білікті жастарды біріктіретін жоба тамызда қайта басталады. Оған жасы 35-ке дейінгі, жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Аят Дүйсембаев