«ASHYQ» жүйесі елорданың сауда және ойын-сауық орталықтарында қолданыла бастады

«ASHYQ» жүйесі елорданың сауда және ойын-сауық орталықтарында қолданыла бастады. Енді сары және қызыл мәртебесі бар азаматтарға кіруге тыйым салынады. Бұл жаңашылдық індеттің таралуына жол бермес үшін енгізілді, дейді мамандар.

Әнел Еділқызы, тілші:

- Елорданың сауда және ойын-сауық орталықтарына ашық қосымшасы енгізілді. Енді дене қызыуын өлшеу мен бетпердеден бөлек міндетті түрде QR-кодты сканерлеп, мәртебеңді тексертіп алу керек. Жасыл және көк мәртебесі бар азаматтарға ғана кіруге рұқсат етілген.

Индира Жоқанова, Ақпарат және сервистік қызмет көрсету көшбасшысы:

- Келушілер арасында коронавирус таралмауы үшін алдын алу шараларын жасап жатырмыз. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған. Кіреберісте термометр мен антисептектер тұр.

Әнел Еділқызы, тілші:

- Қазіргі танда елімізде көпшілік жиналатын нысандардың басым бөлігінде ашық қосымшасы енгізілген. Алайда біз бұл жүйенің бір кемшілігін аңғарып қалдық. Мәселен, дәл қазір мен кез келген адамның жеке сәйкестендіру номерін теріп, кіріп көремін. Міне өзіңіз көргендей, біреудің көк мәртебесімен сауда және ойын-сауық орталығына кіріп кеттім. 

Қосымшаны ойлап тапқандар келушілердің жеке басына қатысты мәліметті анықтау үшін жүйеге өзгерістер енгізген. Соның ішінде адамның  жынысына және жасына қатысты ақпарат болуы керек еді. Дегенмен, қазір бағдарламада бұл функция жоқ, себебі шетелдік азаматтардың ақпараты қосымшада көрсетілмейді. Бүгінде осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Виталий Пустовойтенко, жүйе әзірлеушісі:

- Әрбір азамат өз жеке сәйкестендіру номерін қолдануға тиіс. Жауапкершілік деген болуы керек. Әрине біз жүйені жақсарту үшін мейілінше тырысып жатырмыз. Мәселен, қазір студенттерге арналған карталар жасалды. Оқу орнына сол пропуск арқылы ғана кіре алады. Ол жерде азаматтың барлық жеке деректері шығып, ашық базасындағы ақпарат көрсетіледі.

Бүгінде «Ашық» жүйесі әуежай, вокзал, қоғамдық тамақтану орындары, монша, спа-орталықтар жәнге өзге де қызмет көрсету орындарында қолданылады. Енді ірі сауда және ойын сауық орталықтарында да енгізіліп жатыр. 

Әнел Еділқызы, Жандос Сұлтанғазы, Дияс Ковланбаев, Асхат Қарақойшиев