Оралда құбыр жарылып, мыңға тарта абонент сусыз қалды

Оқыс оқиға Айталиев пен Алматы көшелерінің қиылысы мен «Құрылысшы» шағын ауданында болған.

Салдарынан осы маңайдағы бірнеше көп қабатты үй мен жеке секторды сумен қамту уақытша шектелді. Қалада тұрғын үйлерге берілетін су қысымы да төмендеп кетті. Мамандар мұның себебін аптап ыстықпен байланыстырып отыр. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар жылда қайталанатын мәселенің түпкілікті шешілгенін қалайды.

Шаһарды тіршілік нәрімен толық қамту үшін тәулігіне 60 мың текше метр су қажет. Соның басым бөлігі «БатысСуАрнасы» мекемесінің жер асты ұңғымаларынан, жартысы «ЖайықЖылуҚуат» кәсіпорнының су сорғы станциялары арқылы Жайық өзенінен алынады. Алайда аптап ыстықта газоэлектр турбинасын салқындату қиындап кетеді. Соның салдарынан Жайық өзенінен берілетін су көлемі мың текше метрге дейін төмендеді. Қазір қалаға тәулігіне берілетін су мөлшері 47 мың текше метрге азайды.

Бақтылы Ержанова, қала тұрғыны:

– Су жоқ, өлейін деп жүрміз. Қазір пандемия кезі, карантин жатыр. Сыртқа шыққан сайын жуынуымыз керек. Неге су жоқ? Жылда осы мәселе қайталанады. Маусымнан бастап, қазан айына дейін.

Қания Мыңжасова, қала тұрғыны:

– Осы уақыт аралығында су болмайды деген ескертуді естіген жоқпыз. Ішетін суды сатып алып отырмыз.

Мамандар аптап ыстық басылса, сумен қамтуда қиындық болмайды деп отыр. Дегенмен тұрғындар өзекті мәселенің түбегейлі шешілгенін қалайды. Жерасты су көздерінен резервуарға дейін құбыр тарту үшін кемі 460 миллион теңге көлемінде қаржы қажет.

Талапкер Шалқабанов, Сумен қамтушы кәсіпорынның бөлім басшысы:

– Су әрқашанда жеткілікті болу үшін бізге кешенді жоспар қажет. Жер асты суынан су құбырын тартып, Солтүстік-Шығыстан су тазалау қондырғысына дейін салса, құрылыс жүргізсе, сонда жерасты суынан суды жинап тұруымызға болады. Сол жоспар орындалса, судан проблема болмайды.

Қазір қаланың «Құрылысшы» шағын ауданында жарылған су құбырын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Әзірге осы аумақтағы 10 шақты көп қабатты үй тұрғындары тіршілік нәрін дүкендерден сатып алуға мәжбүр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов