Президент: Бас қаланың өзі де, жұрты да өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс

Елорда – қазіргі Қазақстанның бетке ұстар бас қаласы.

Еліміздің орталық мегаполисі болашаққа жол ашатын ордаға, ұлт болып ұйысудың және шынайы патриотизмнің үлгісіне айналды.

Бүгін мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Салтанатты шара барысында жоғары әскери оқу орнының 12 үздік түлегі Президенттің қолынан офицер погонын алды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бас қаланың төрінде туымыз көтерілді. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Сондықтан бұл рәсімнің тарихи мән-маңызы айрықша.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көк туымыз – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты рәмізі. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Қазақтың тарихы «Туың жығылмасын!» деген бір ауыз тілекке сыйып тұр. Бабаларымыз қашанда туын биік ұстаған. Елдігі сынға түскен сәтте байрақ астына бірігіп, тұтастығын танытқан. Ерлік пен бірліктің дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Тәуелсіздік дәуіріне ұласты. Егемен елдің көк байрағы – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі.

Ту көтеру аса айрықша оқиғаларға орай жасалатын ерекше рәсім. Елорда күніне арналған мерекелік шаралар осы ең алып байрақ көтерілген күннен басталады. Есілдің бойы қазір қалың ел. Бас қаламыз аз уақытта саяси, экономикалық және рухани, мәдени орталығына айналды. Ғылым мен білімге ұмтылған жастардың құтты мекені болды. Халықаралық мәміле алаңына айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елордамыз – қазіргі Қазақстанның бетке ұстар бас қаласы. Еліміздің орталық мегаполисі болашаққа жол ашатын ордаға, жалпы ұлт болып ұйысудың және шынай патриотизмнің үлгісіне айналды. Тұңғыш Президент – Елбасы мен миллиондаған отандасымыздың қажырлы еңбегінің арқасында бой көтерген қала – халқымыздың мақтанышы. Отанымыздың жүрегі дәл осы жерде соғып тұр. Аса маңызды шешімдердің бәрі осы жерде қабылданып, салмақты ой-пікірлер ортаға салынып, бірегей жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекеттік туымыз бен еліміздің бас қаласы ұлт бірлігінің жарқын символы. Бас қаланың өзі де, жұрты да өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Президент осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елорда күні адамдарды қолдап, шабыттандыру, бірліктің күшін, өзара көмектің маңыздылығы мен әр азаматтың ортақ іске қосқан үлесінің құндылығын дәріптеу үшін аса маңызды. Елорда тұрғындары екпе салу науқаны мен шектеу шараларын сақтау кезінде алдыңғы қатарда болуы қажет. Жаппай вакциналау қалыпты тыныс-тіршілікке қайта оралудың, адамдардың денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы екенін дұрыс түсінуіміз керек. «Біз біргеміз» ұраны аса қатерлі індетке қарсы күрестегі жеңісіміздің бойтұмары болатынына сенімдімін.

Сабақты ине сәтімен деген. Рәсім барысында жоғары әскери оқу орнының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицер погонын алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Оқуларыңыздың сәтті аяқталғаны құтты болсын, жас офицерлер! Офицерлік шен – бұл, ең бірінші, Отан алдындағы зор жауапкершілік. Болашақта командир атанып, жас сарбаздарға тәлім бересіздер. Сондықтан отаншыл, батыл және айбынды болып, үлгі көрсету аса маңызды. Мүлтіксіз қызмет ету – бәріңізге ортақ міндет. Антқа адал болу, Тәуелсіз елімізді қорғау – қастерлі парыз.

Президент жас әскерилердің жігерін жанып, рухын асқақтатты. «Көк байрақ жауынгерлік рухтың нышаны», - деді. Тәуелсіздіктің мызғымас негізі елдің тыныштығы мен тұтастығында екенін, ал, біз үшін бұдан асқан құндылық жоқтығын қаперге салды.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Алмас Омарғалиев, ПТРК